Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Қызылордалық Елена Пак Абай өлеңдерін жатқа айтады

ҚЫЗЫЛОРДА. 20 қаңтар. Қызылордалық студент Елена Пак қазақтың ұлы ойшылы Абайдың өлеңдерін жатқа біледі. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.

Корей ұлтының өкілі болып табылатын бойжеткен көптеген байқауда жеңімпаздар қатарынан көрініп келеді.

Лена 2001 жылы Шиелі ауданындағы алдын «Авангард» атанған қазіргі «Ақмая» ауылында туған. Елді мекенде бірнеше ұлттың өкілдері тұрады. Солардың қатарында Пак әулеті де бар. Ұзақ уақыттан бері осында тұрып келе жатқан әулет жергілікті жұртпен етене араласып кеткен. Береке мен бірлік ұя салған шуақты шаңырақтағы барлық адам қазақ тілін жетік біледі.

«Кезінде атам Виталий Пак совхозда диқан болып еңбек етіп, күріш еккен. Ал әжем Светлана Лян есепші болып қызмет атқарған. Қазір екеуі де зейнетте. Әкем Владимир мен анам Татьяна «Ақмая» шаруашылығында еңбек етеді. Отбасында үш баламыз. Үлкені – менмін. Менен кейінгі інім Виталий де қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын сүйсініп оқиды. Ол да Абайдың біраз өлеңін жатқа біледі. Биыл данышпан ақынның туғанына 175 жыл толуы кең көлемде атап өтілгелі жатыр. Бізге бұл мерейтойдың берері көп», – дейді Елена.

Лена «Ақмая» ауылындағы қазақ орта мектебінде қазақша білім алыпты. Бұрын бұл елді мекендегі мектепте орыс сыныптары да болатын. Кейін ауылдағы өзге ұлт өкілдерінің үлес салмағы азайып кеткесін жабылып қалған. Ал Лена жастайынан қазақ балаларының арасында өскесін, қазақ тілін жақсы біліп өсті. Сондықтан мектепте қинала қойған жоқ.

«Тоғызыншы сыныпта оқып жүрген кезім еді. Ең алғаш Абай атамыздың өлеңдеріне деген қызығушылығымды оятқан ұстазым Бибігүл Сұлтанова маған «Абай оқулары» байқауы болатынын айтты, – дейді Елена тағы. – Соған қатысуға шақырды. Мен одан ешбір жүрексінген жоқпын. Әзірлік жасауды бастап кеттік. Бас-аяғы үш-айдың көлемінде Абайдың 80-ге тарта өлеңін жаттадым. Аудандық байқауда еңбегім жоғары бағаланып, бірінші орын иегері атандым. Одан кейін облыстық байқауға дейін ұлы ақынның «Ескендір» поэмасын жаттап алдым. Ұстазым екеуміз ол байқаудан да жеңіспен оралдық».

Қазір Елена Пак Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті филология факультетінің екінші курсында оқиды. Зерек қыз тіл білімінің қыр-сырына қаныға түсуге ынта жасап отыр. Әрбір тілді жете зерттей білсең, сол ұлттың бүкіл болмыс-бітімін зерделеуге әбден болатынын айтады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button