Атағы ақ тарымен танылған ауыл
Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының оңтүстік-шығыс жағындағы бір қиырында, дарияның бір иінінде «Қандөз» деп аталатын айтулы ауыл бар. Сірә, аудан орталығынан ең шалғай орналасқан елді мекен де осы шығар. Бірақ солай ұлан жолдың табанынан қашық жатқан осы құтты қонысты көргісі келетін жандар көп. Бұған бұл жерде ақ тарының айрықша сұрпы өсетіні де себеп болса керек.
Иә, біраздан бері «Қандөздің бренді» атанған тары әлі де саудадан түскен жоқ. Облыс тұрғындары сөреден қазір де бірінші осы жердің тарысын іздейді. Ал егер сол ауылға барып, аралай қалсаңыз, мұндағы егіншіліктің шынында өзгеше бір реңк алып, өркендеп кеткенін аңғарасыз. Ғасыр алмасса да, сол кездегі қайталанбас еңбектің ізін табиғат та жаба алмаған.
Облыс орталығынан аудан орталығына барғанша жазық, жусанды төбелерден басқа көзіңізге ештеңе түспейді. Кейбір ауылдардың тұсындағы екпе талдар ғана алда орман болуы мүмкін екенін елестетеді. Ал «Қандөзге» бару үшін Жаңақорған ауданының бір тізбектің бойына жайғасған талай ауылының үстінен басып өтесіз.
Өзге округтерге қарағанда, «Қандөз» ауылының мәдениеті, рухани жетістіктері көш ілгері. Бұл жерден Нәзір Төреқұлов, Нұрмахан Оразбек, Нұрмахан Елтай, Сауран Елеуов, Асқар Дүйсенбі , Нұрлан Әжіханов секілді дипломат, ақын, сазгер, математика ғылымдарының докторы секілді белгілі тұлғалар көптеп шыққан.
Бізді елді мекеннің кіреберісінде ауыл әкімі Кеңес Оразбеков ақсақалдармен бірге күтіп тұр екен. Бұл құтты қоныстың жай-күйі жайлы ауылдың ардақты ақсақалы Өмірбай Ысқақов біршама таратып айтып берді.
– Ауылымыз аудан орталығанан шалғайда орын тепкен. Біздің мақтанышымыз – тары кәсібі. Ауыл тұрғындары мал шаруашылығымен де айналысады. Өзім осы ауылдың тумасымын. Ауылда 28 жыл егін және мал шаруашылығын басқардым. Ол замандарда бәрін өз күшімізбен халықтың әл-ауқатын дұрыстауға барынша тырысып бақтық. Ауыл диқандарымен бірге 500 гектар жерге жүгері ектік. Жүгеріні мал азығы ретінде пайдаландық. Оған қоса, 300 гектарға жоңышқа ектік. Міне, бұл ауыл халқының еңбексүйгіштігінің арқасында біз көп жетістікке жеттік. Ауыл халқы сайлаған әкіміміз Кеңес Оразбеков өзінің туған жері үшін аянбай еңбек етіп келеді. Біз ауыл ақсақалы ретінде әкімнің бастамаларын қолдауға қашан да дайынбыз, – дейді Өмірбек ақсақал бізбен әңгімесінде.
«Қандөз» ауылында жаңадан асфальт төсеу жұмыстары да қызу жүріп жатыр екен. Қалғансыр, Қашқанкөл елді мекендері осы ауылдық округтің құрамына кіреді. 1420 тұрғыны бар ауылдың тіршілігі тиянақты. Ауылда 65 орындық мектеп, 5 төсектік күндізгі дәрігерлік емхана, ауылдық аурухана, клуб үйі, балабақша тұрғындар үшін жұмыс істеп тұр.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ауылдың бренді – тары кәсібі. Бұл кәсіптің де өзіндік қиыншылықтары, пайдасы мен шығындары бар. «Тары – талқанның атасы» десек, артық болмас. Себебі, осы бір дәнді дақылдың тарихы тым әріде жатыр. Бұл тағам түрін қазақ фольклорында да жиі кездестіреміз. Мәселен, «Ертөстік» ертегісінде батырдың алыс сапарына анасы арнайы тары қуырып береді. Тары сабанының азықтық сапасы бидай сабанынан екі есе артық екендігін ескерсек, 1 келі тары сабанында 0,41 азықтық өлшем, 23 грамм сіңімді протеин болады. Тары жармасының құрамында крахмалдың мөлшері 81 пайыз, белоктыкі 12 пайыз, ал май мен қант жеке-жеке 3,5-0,15 пайызды құрайды. Тіпті, ондағы ақуыздың мөлшері күріш, қарақұмық жармаларынан едәуір көп.
Қазақ халқы «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деген тіркесті жиі ауызға алады. Ал осы тарының бүгінгі таңда таңсық асқа айналып бара жатқандығы да жасырын емес. Тары өңдеу, оны нарыққа бейімдеу, сондай-ақ оның кірісін еселеу жолдарын қарастырсақ, мол табысқа кенелуге болады. Мәселен, осы дақылды сүйіп жейтін Түркия, Қырғызстан, Ресей елінің нарығына шығаруға болады.
Көз ашқалы осы кәсіппен айналысып келе жатқан ауыл тұрғыны Қалдыбай Мақұлбеков айтып берді.
– Тары егуді кеше, бүгін ғана қолға алған жоқпыз,, ежелгі кәсіптің көзі. Тары егудің бейнеті көп. Суыққа төзімсіз болғандықтан тұқымы құнарлы топыраққа (қара және қоңыр) көктем шыға егіледі. Содан өнімін жинап алғанша шаруалар тыным таппайды. Сыпыртқы тәрізді басының ең ұшындағы пістенің дәніне торғай өш. Ертеректе оны қолмен орып алатын. Сабанын құрғақ жерде кептіріп, торғайдан қорғайды. Соңыра тарыны қуырып, түйіп, дайын өнім ретінде тұтынады, артылғанын сатады. «Қандөздің» тарысы мен талқаны өзіндік сауда белгісімен қазақы дәстүрге ие кәсіпке айналған. Тарыдан тапқан табысқа қандөздіктер зәулім үйлер салып, есіктерінің алдына бір-бір тұлпар байлады. Тары – «Қандөз» ауылының басты бренді. Соңғы жылдары ауыл диқандары көп қиындықты артқа қалдырды. Өз кәсібін ашқан азаматтарға аудан әкімдігі барынша қолдау танытып келеді. Диқандарымыз өнімдерін Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Қызылорда қалаларына өткізеді. Бүгінде ғаламторда сауданың онлайн түрі шықты ғой. Енді олар үйде отырып-ақ өнімдерін саудалай алады. Мәселен, бүгінде тарыдан жасалған өнімнің келісі 600 теңгеден сатылуда. Сұраныс көп. Тары егуді тоқтатпаймыз, себебі бұл біздің ата -кәсібіміз. Тарыны бұрын қолдан түйетінбіз. Сосын оны қайнатып, бір сағат тұндырамыз. Тары түю, оны елеу, сабағынан ажыратып алу, кептіру көп бейнетті қажет етеді. Ауылда екі диірменге кезекпен тарттырып аламыз, – деді байырғы диқан.
– Расында «Қандөз» – елдің назарында тұрған ауыл. Өзге округтерге қарағанда, келім-кетім кісі көп мекен. «Ақ тарының атасының ауылы» деп таниды қалың жұрт. Әрбір келген адам – сыншы. Бұрын білінбейтін. Қазір барлық көз бен сөз өзіңе тиетінін сезесің. Сондықтан ауылдастардың да, қонақтардың да әр сыны маған сабақ. Әкім болғанда, тау қопарып, мынаны жапырып істеймін деп ешкімге уәде бермедім. Иедяларымды халықпен бірге жүзеге асырамын. Үлкендермен ақылдасамын. Ортақ шешімін іздеймін. Қателесуге болмайды. Ауылымызда мүмкіндік көп. Қомақты қаражат керек. Бірақ соған қарамастан, алға қойған жоспарларым бар. Мал бағу, егін салу, кәсіп ашу деген әркім өзі үшін жасайтын тірлік. Менің әкімдік қызметке келуім маңызды емес. Әкім бүгін келеді, ертең кетеді. Маңыздысы – елмен бірге елге қызмет ету. Жерге қызмет ету. Ұрпақ қызығын көретін іс қалдыру, – дейді ауыл әкімі Кеңес Оразбеков.
Қандөз ауылдық округіндегі ашылғанына бір жыл енді болған спорт кешені болашақ спорт саңлақтарын, спорттың жұлдыздарын тәрбиелеп отыр. Ауыл балаларына қуаныш сыйлаған ауданның атымтай жомарт кәсіпкері Әлмахан Мырзабаевқа тұрғындардың алғыстан басқа айтары жоқ. Самбо, қазақша күрес, белбеу күресі секілді спорт түрлерінен топ жарып жүрген Рамазан Тұрсын, Бақдәулет Қайыржанұлы, Бекасыл және Нұрасыл есімді жеткіншектер – «Қандөз» ауылының мақтаныштары. Жаттықтырушылары Рамазан Бейсенбай, Серік Ибадулла, Асылбек Жиенқожа секілді өз ісінің шеберлері бүгінде 108 баланы баптап жүр.
Спорт кешенінің меңгерушісі Нұрқасым Әбілқасымұлы – ауыл жастарының ішінде мақтаулы азаматтардың бірі. Қашанда ауыл әкімі Кеңес Оразбековпен бірге елді мекенде өткізілетін игілікті шаралардың басы-қасынан табылады.
Міне, ауданнан шалғай жатқан алақандай ауылда батыл жүректі, спортты серік еткен батырлар шығып жатыр.
Жансая ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы.