АҚШ президенті Зеленскийдің лидерлігіне аса разы екенін білдірді
ВАШИНГТОН. 3 тамыз. АҚШ президенті Джо Байден Зеленскийдің соғыс уақытындағы лидерлік қасиетіне тәнті тұрғаннан кейін Украинаны қолдауға кіріскенін айтты. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Кирби бүгін берген брифингінде Джо Байденнің соғыс уақытында нағыз ұлт көшбасшысы екені айқындалған Украина президенті Володимир Зеленскийдің ерлік істеріне дән риза екенін білдірді.
Кирби өзінің сөзінде америкалық журналист Томас Фридманның жақында The New York Times газетінде жарыққа шыққан мақаласында «Ақ үй мен президент Володимир Зеленскийдің арасында бір-біріне терең сенімсіздік бар» деген жолдарға талдау жасап, мұның ешқандай шындыққа жанаспайтынын баяндады.
«Иә, президент талай мәрте Зеленскийдің соғыс уақытындағы лидерлік рөлі мен ерлігіне қатты риза болғандығын ашып айтты. Бұл оның президент Зеленскиймен көп рет жеке әңгімелескенінен де көрінеді. Ол президент Зеленскийдің қазір қандай жағдайда жүргенін, украин халқының бастан кешіп жатқан қасіреттерін жақсы түсінеді. Міне, тап солай болғандықтан да ол бұрынғысынша Украинаны Ресей агрессиясына қарсы соғыста қолдауды жалғастыра беру ниетінен айнымай отыр», – деді Кирби.