Зеленский Ресеймен соғысты тоқтата тұруға қарсы шықты
КИЕВ. 24 шілде. Украина президенті Володимир Зеленский Ресеймен болып жатқан соғысты уақытша тоқтата тұруға келіспейтінін білдірді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украина лидерінің ойынша, кең ауқымды соғысты тоқтата қою оның эскалацияға, яғни одан бетер күшейіп, ұзаққа созылып кетуіне апарып соқтырады.
Зеленский өзінің ойын The Wall Street Journal газетіне берген сұхбатында баяндаған.
«Ресей Федерациясымен арадағы жанжалды тоқтатып қою оған үзіліс берілгенін білдіреді, ал бұл үзіліс Ресейге үзіліс алып, демалуға мүмкіндік ұсынады. Ал олар бұл үзілісті өзінің геосаяси жағдайын өзгертуге немесе бұрынғы кеңестік респкбликалар жеріне көз алартуды тоқтатуға жұмсамайды», – деп атап өтті ол.
Мемлекет Ресейді «Украинаның екі облысын жұтып қойып отырған кашалотқа» теңеді, сосын: «енді бізге осы жанжалды тоқтата қойыңдар дейсіңдер» деді. Осы кезде біраз демалып, күш жинап қоятын Ресей сосын екі-үш жылдан кейін қайта көтеріліп, біздің тағы екі-үш облысымызды басып алады, деп баяндады ол. Осылайша жанжал шексіз жалғаса береді.
Зеленский Украинаның Батыс елдері беріп отырған дүркін отты реактивті жүйелерімен қамтамасыз етілуі майдандағы ара-салмақты күрт өзгертіп, жаудың бетін қайтаруға бұрылыс жасата бастағанын атап өтті. Мұндай жағдайда соғысты тоқтата салу соның бәрінен айырылып қалып, кейін бәрін қайтадан бастатуға алып барады. Бұрын Ресей күнінен 12 мың артиллерия снарядын атқылап келсе, қазір 1-2 мыңнан асыра алмайды, ал Украина 6 мыңға дейін ата алады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ соғыстың бес айы артта қалған қазіргі шақта украиндардың Ресеймен келіссөз жүргізуге ықтиярлы болмай отырғанын айтты.
«Қоғам алдымен бүкіл территорияны азат ету қажет, тек содан кейін ғана алдағы жүз жылда қалай тіршілік етіп, қалай тұратынымыз жайлы келіссөз жүргізуге болады деп есептейді. Біздің адамдар мұны жасауға болатынына сенімді. Мұны біз тезірек жүзеге асырсақ, соғұрам өз жағымыздан кісі өлімі де азаяды», – деді ол.