Қазақстан құрамасы Беларусьпен 1:1 есебімен тең ойнады
НОВИ-САД. 11 маусым. Бүгін түнде Қазақстан құрамасы бейтарап алаңда Беларусь ұлттық командасымен кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Осылайша біздің жерлестеріміз Ұлттар лигасы жаңа маусымында 3 ойыннан 7 ұпай жинады.
11 маусым, сенбі. Ұлттар лигасы. С тобы, 3-тармақ. 3-тур
Нови-Сад (Сербия). «Караджордже-Войводина» стадионы. Жанкүйерсіз.
Төреші: Мануэль Шюттенгрубер (Австрия).
Беларусь: Павел Павлюченко, Руслан Юденков (Валерий Громыко, 46), Захар Волков, Руслан Хадаркевич, Кирилл Печенин, Роман Бегунов (Глеб Шевченко, 76), Макс Эбон, Евгений Яблонский, Артём Быков, Павел Седько (Егор Богомольский, 46), Иван Бахар (Владислав Малькевич, 66).
Қазақстан: Игорь Шацкий, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Сергей Малый, Ян Вороговский (Ғафуржан Сүйімбаев, 59), Бағдат Қайыров, Исламбек Қуат, Аслан Дарабаев (Тимур Досмагамбетов, 77), Элхан Астанов (Владислав Васильев,77), Рамазан Оразов (Самат Жарынбетов, 67), Абат Айымбетов (Артур Шушеначёв, 68).
Гол: Абат Айымбетов (13), Владислав Малькевич (84).
Ескертулер: Руслан Юденков (42) – Исламбек Қуат (88).
Екі құрама арасындағы ойын бейтарап алаңда – Сербияның Нови-Сад қаласында ойналды. УЕФА мұндай шешімді Украинадағы соғыста белорус елінің агрессор-ел – Ресейге көмек көрсетіп отыруына байланысты қабылдады. Сондықтан бұған дейінгі екі матчты да біздің бүгінгі қарсыласымыз бейтарап алаңда өткізген еді.
Кездесу белорустардың шабуылымен басталды. Бірақ қарсыластар қақпасына алғашқы қауіпті төндірген біздің жігіттер болды. Соның ішінде олар жиі қатерлі жорыққа шыға бастады. Сондай шабуылдың бірінде сол қапталдан доппен бірге жүгіріп қақпа алаңына кірген Ян Вороговский соңғы сәтте ортаға қарай пас беріп үлгерді. Оны сол мезетте тиісті нүктеге жеткен Абат Айымбетов баспен ұрып, қақпаға кіргізді – 1:0. Осылай Абат турнирдегі үшінші голын салды.
Екіншіт таймда ойын алма-кезек шабуылмен өтті. Бірақ қазақстандықтар матчтың соңына қарай инициативаны қарсыластары қолына беріп қойды. Мұны белорустардың берген бұрыштамалары да анық байқатады. Бір бір рет тіпті Игорь Шацкий дарбазаға кіріп бара жатқан допты құлап барып, қолымен қайтарып жіберді.
Беларусь құрамасы сондай шабуылдың бірінде ақыры гол салып, таразы басын теңестіріп кетті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан – Беларусь құрамалары өзара 5 рет кездескен болатын. Солардың 4-інде белорустар 2:0, 2:1, 4:0, 5:1 етіп ұтып, бір мәрте ойын 1:1 есебімен тең аяқталған болатын.
Осы күні Словакия Бакуде Әзербайжан құрамасы 1:0 есебімен жеңіске жетіп, ұпай санын 6-ға жеткізді.