Жаңалықтар жаңғырығыТаным

САЙЫПҚЫРАН

Ғибратты ғұмыр

1992 жылдың тамыз айында Өзбекстанның Хорезм уәләятында Қызылорда облысының мәдениеті күндері өтті. Оған қатысатын облыс, аудандар және басқармалар басшыларынан құралған қарақұрым делегация құрамында журналист ретінде біз де аймақ орталығы – Үргеніш шаһарына ұшып бардық. Ал Сыр бойы өнер шеберлері шараға алдын ала дайындала беру үшін содан бірер күн бұрын аттанып кеткен болатын.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылы. Облыстық «Сыр бойы» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет етіп жүрген кезіміз. Сондықтан егемендіктің енді еңсе көтерген пәйтіндегі осы керуен келесін көңілдегідей етіп көрсетіп жазу бізге бөдіреттелді.

Барған бойда бірден байқалғаны: 1989-1991 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарып, сол жылы ғана басқарудың тағы бір жаңа жүйесі – әкімдіктің тізгінін қолға ұстаған Сейілбек Шаухаманов ағамыздың сонау жанубий-түстіктегі көне Хиуа жерінде сол тұста хоким болып мезіретті қызметін бастаған әріптесі әрі құрдасы есепті Маркс Жұманиязов акамен қай жерде, қай уақытта танысып, дос болып, күндер өткізуге келісіп үлгергенін қайдам, әйтеуір бір-бірін көптен бері көрмеген кәнігі кірешілердей қуана қауышты. Соның тікелей шарапаты шығар, ондағы өзбек ағайындар да бізді тайлы-таяғы қалмай, қоғадай жапырылып, меймілдеген мехрибан шуағын шашып, кепшік пен кернейдің керемет келісімімен, дутардың дуылымен думандата қарсы алды.

Ақиқатын айтқанда, Тұран ойпатында ежелден қатарласа аққан екі ең ірі өзен – Әму мен Сырдың бойларын жайлаған екі жұрттың жүздесулері барынша жақсы сындарлы сипат пен мәнді мазмұнда өрбіді. Өзағаңдардың ұшырасуға жан-жақты даярланғандары қадам басқан сайын көрініп тұрды. Мұның үстіне, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ұсынатын ұсынақты нәрселері көп болып шықты. Біздің делегация құрамындағылардың әрбірі бұларды өзінше, өз көзқарасы мен таным-түсінігінің деңгейінде қабылдап жатты. Соның ішінде қай жерде үлгі боларлық үздік тірлік көрсе, соған елден ерек ықылас танытып, кейде қосымша сұрақтар қойып, жете білуге ынтасы ауып жүрген Жаңақорған ауданының әкімі Ибрагим Әбибуллаев бірден көзге жылы ұшырап, жағымды әсер қалдырды.

Сайын сапарымыздың сұлбасы уәләяттың батысындағы Шават ауданынан салауат алды. Шават деген жарманың жағалауына жайғасқан, жасыл желек жамылған, он мыңдай тұрғыны бар қишлоқтың кенересінде бірқатар ауылшаруашылық техникаларын, соның ішінде сеялка шығаратын шағын зауыт бар екен. Ондағы өнімдер түрлерімен танысып болғаннан кейін аудан ауқымындағы «Қазақстан» деген колхозға бардық. Номы қазақ елінің елесін мәшһүр еткенімен, тұрғындары түгел өзбектер көрінеді. Шаруашылықтың негізгі ерекшелігі – басты дақылы ретінде күріш өсірумен шұғылданады. Бірақ жыл сайын оның әр гектарынан алынып жататын орташа өнімінің түсімі бөлек, біздің тіпті түсімізге де кірмеген көрсеткіш – 70 центнер. Сөйтсек, ондағы диқандар дақылдың әр түбірін көшеттеп егеді екен. Танаптарында бір түйір де арам шөп жоқ. Гербицид себу деген амал әсте әлеует етілмейді. Қодырен өсімдіктер мен бұталар жолдардың жіңішке жиектерінде ғана. Қалған жерлердің бәрі – жайқалған егін, жап-жасыл жазира. Алқаптарға апаратын тараптар түгел асфальттанған. Егісті тамшылатып суару тәсілін де бірінші рет осы жерден көрдік. Бұдан бөлек, егістіктің телегей теңізі төрінде колхоздың керемет демалыс жайы орналасыпты. Ол қолдан жасалған кішігірім көлдің ортасына қоныс теуіпті, ал айдын жүзінде аққулар жүзіп жүр.

– Серік, байыптадың ба, жер жағдайының Сырдың бойынан ешбір айырмашылығы жоқ. Кебірге ғана шығатын біздегі ақбас, біздегі жантақ, біздегідей қарасора, керек десең, қарабарқын мұнда да өсіп тұр, – деді кейін кері қайтарда автобуста кездейсоқ қатар отырып қалған Ибекең күні бойы көргендерін ойына сыйдыра алмағанын аңғартып. – Жолдың азын-аулақ ернеулері де біздегі секілді сортаң тартып жатыр. Күннің аптап ыстықтығы біздегіден артық болмаса кем емес. Алайда, айналаны қалай жайнатып қойған! Осының бәрі таза еселі еңбекпен, берекелі бейнетпен келеді. Бәрі адамның өзіне байланысты ғой.

Ибрагим аға бұдан кейін Пинтекте болғанымызда ондағы шетелдік машиналарды құрастыру зауытының, Хазараспқа аялдағанда қазіргі заманғы жинақы жабық базардың, Әмудің арнасы аумағындағы Түйемойын плотинасына ат басын іріккенімізде оның іргесіндегі су қоймасының тиімді жұмыстарына айрықша қызығушылық білдірді. Ал ашық аспан астындағы музей іспеттес ескі Хиуаға келгенде, екеуміз оның тарихи қорғандары мен ескерткіштері аумағын бірге аралап, Ичан-кале махалласындағы сақ дәуірінен бері бар, Нұқ пайғамбардың ұлы Симнің пәрменімен қазылған әйгілі Хейвак құдығын тамашаладық. Бір кездері Хиуаның ханы болған ғұлама Әбілғазы (Абулғозий) Баһадүрдің сол жылы ғана Ташкенттегі «Чулпон» нәшіриятынан басылып жарыққа шыққан «Шажарайи турк» («Түрік шежіресі») диуанының өзбек тіліндегі нұсқасын да осы кентте бірге сатып алдық. Ол Үргеніштің үлесінде ертедегі патшалардың ғазнауи сарайларын аралағанда да ғиджактың ғажайып үнін естіп тұрғандай ерекше әсерге бөленіп жүрді. Осылар арқылы өзінің жылт еткен жақсы жаңалыққа жаны құштар білікті басшы болумен бірге, жаһани-жәдігерлік ділгер дүниелерді де жоғары бағалайтын зиялы қауымның өзгеше өкілі екенін байқатты.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін Ибекеңмен екеуміз бір-бірімізбен таныс болғанмен, етене араласып көрмеген едік. Бірақ 1991 жылдың көктемінде ғана Жаңақорғанға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып барған оның қылышынан қан тамған кеңестік коммунистік кезеңнің қаһарынан қаймықпай, өскелең өңірдегі Әбді Жәлел баб, Хорасан баба, Хисамеддин (Сунақ) ата, Айқожа ишан кесенелері мен «Ақтас» мешітіне баратын жолдарды жөнге келтіріп, бастарына үй салып, электр жарығын апарып, өздерін жөндеуден өткізген тірнекті тірліктерінен хабарымыз бар-тын. Ал Хорезмнен келгеннен кейін сол жолы ізденгіштік ілгегі бар ширақ шенеунік ретінде көңілдің көгінде қонақтап қалған атпал азаматтың аудандағы елді елең еткізетін ерен еңбектеріне ұдайы құлақ түріп жүретін болдық.

Обалы не керек, айдыны озық Ибекең көп күттірмеді, сол жылдың күзінде дүйім жұртты дүр сілкіндіріп, республикада бірінші болып Израильдің «Айзенберг» фирмасының тамшылатып суару технологиясын өндіріске енгізді. Осылайша «Юбилейный» совхозында 370 гектар жүзімдікті суғарудың, тыңайтқыш пен гербицид берудің автоматты қондырғысы орнатылды. Сөйтіп, Хорезмнен түйіп қайтқан түйткілін тез арада шешіп тастады. Осының нәтижесінде келесі жылы шаруашылықта жылына 870 тоннаға дейін өнім шығара алатын шарап зауыты іске қосылды. Осының арқасында совхоз тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жақсара түсті. Бұған қоса, «Түгіскен», «Талап», «Бірлік» және «Жайылма» ауылдарында бау-бақша, жеміс-жидек, көкөніс өсіру жұмыстары жоғары агротехникалық талаптарға сай жүргізіліп, облыс диқандарының өзіндік тәжірибе мектебін түзді. Бұл кісінің бұдан кейінгі айрықша атап өтуге тұрарлық шарапатты шараларының бірі сол кездегі қаржы-шаруашылық жағдайы ауыр екеніне қарамай, жертөле тектес кепелерді жайлаған малшылар қауымын екі жылдың ішінде сәулетті үйлерге көшіріп шығуы болды. Мұның меселінде 152 шопан мен бақташы отбасын жаңадан салынған 149 баспанаға орналастырды.

Негізі, Ибекеңнің өмір жолдарына байырқалы көзбен барлай қараған байыпты адам оның сайыпқыран сайыптас болып өмір сүріп келе жатқанына көз жеткізер еді. Бұған дәнекерлік дәлел де жеткілікті. Себебі, қайда қандай қызмет атқарса да, нағыз сайыпқыран сардардың салтын ұстана білді. Ал түбірін парсы тілінен алатын «сахиб киран» деген ләм «қыдырма планеталар бір түзудің бойына келгенде туған бала» деген ұғымды білдіреді. Күнделікті тіршілікте бұл анықтама ержүрек, батыл, тәуекелшіл, көшбастаушы, тәлімгер, алғыр, зерек қасиетті айбыны асқақ адамдарға қатысты қолданылып тұрады. Бізде оның Ақсақ Темірге ғана бағышталғаны туралы қате түсінік бар. Мұның шіли олай емес екенін, кезінде оның ел еңсесін көтеретін өрелі істер атқарған хандарымыздан бөлек, топ жарған талай саңлақ спортшыға да қарата айтылып келгені анық айғақтайды. Бұдан қалды, бұл сөз Арқа жағында ат баптайтын сейістің бір сыңарласы болып саналады. Демек, бапкерліктің байыбын білетін ұлағатты ұстазды да осылай атауға болады. Ал біздің кейіпкеріміздің осы өлшемдердің денінің деңгейінен шығатын толымды тұлға екені ешбір күмән тудырмайды.

Бұлай деп атауға тағы бір себеп, бажайлап тұрсам, жалпы, Ибекең ешқашан қызметтің соңынан өзі жүгіріп жүрмеген екен. Керісінше, көп реттерде оны сол мансаптың өзі індете іздеп келіп тұрғанға ұқсайды. Бұған да мысал көп. 1965 жылы Сырдария ауданына қарасты өзі туып-өскен «Қоғалыкөл» ауылындағы №44 орта мектепті үздік бітіргесін, Алматыдағы Қазақ Ауыл шаруашылығы институтының механика факультетіне түсіп, оны 1970 жылы тәмамдады. Елге келгесін, еңбек жолын туған жері – Жамбыл атындағы совхозда механик қызметінен бастады. Кейін машина-трактор шеберханасының меңгерушісі, инженер болып сатылап көтерілді. Оны қоғамның өзі керек етуі осы кезден-ақ белең берді. Өзінің міндетін ешбір мекерсіз атқаратын жауапкершілігі мол жас маманның хабары жоғары жаққа жетсе керек, совхозда жұмыс істеп жатқанына бес жыл толған тұста аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Еламан Жүнісбаев оны пісенттеп тұрып, нұсқаушылық қызметке шақырды. Бірақ бұл кезде жастары ұлғайған әке-шешесін қалдырып кеткісі келмеген ол бұдан амалсыз бас тартты. Арада аз уақыт өткеннен кейін райкомнан екінші мәрте шұғыл шақыру жетті. Бәлкім, балаңдық не алаңдық болар, Ибрагим бұл жолы да дәсәуілгі желеуі желісінен жаңылмады. Содан күндердің күнінде ауылдық кеңестің төрағасы Жұмабай Сүлейменов деген ағайын ағасы Сражаддин ақсақалға арнайы келіп жолығып: «Көке, райкомның бірінші хатшысы балаңды үшінші рет қызметке шақырып жатыр. Енді төртіншісі деген болмайды. Сондықтан жолын байлай бермей жібер, ұзап кетпейді ғой», – дейді шегелеп.

Осылайша 1975 жылы Сырдария аудандық партия комитетіне қызметке ауысқан жас жампоз Еламан Жүнісбаевтың қарамағында алты жылдай уақыт ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып істеді. Нұсқаушы кезінде жыл сайын жылдық еңбек демалысын қыркүйек айына туралап алып, өз ауылында комбайн штурвалына отырып жүрді. Бір жолы Елекең бұл егін орып жатқан алқапқа облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Исатай Әбдікәрімовті ертіп әкелді. Облыс басшысы аудандық партия комитеті нұсқаушысының мұндай патриоттық әрекетіне алғаусыз риза болып, батасын беріп аттанды. Артынша жас кадрдың бастамасы үлгі етіліп, тәжірибесі облыс көлеміне таратылды.

Ал 1981 жылы Ибрагимнің тағы да өзінің еркінен тыс мансап өзгертуіне тура келді. Сол уақытта Жамбыл атындағы совхозда мың қаралы ірі қара есептен кем шығып, соңы үлкен айқайға ұласты. Осының дабыры салдарынан совхоздың директоры мен партия ұйымы хатшысының мәселесі облыстық партия комитетінің бюросында қаралды, нәтижесінде екеуі де орындарынан алынып, партия қатарынан шығарылды. Бұлардан бөлек, елуге жуық маман мен бақташы істі болып, әртүрлі мерзімге сотталды. Бірақ бұдан кейін бұл совхозға директор болып баруға ықыласты ешкім табыла қоймады. Осылайша бұл орын екі ай бос тұрды. Дегенмен, тозғын хәліне жетіп, шатқаяқтап қалған шаруашылықты бұдан артық басшысыз ұстай беруге болмайтын еді.

Сол күндердің бірінде Ибрагимді бірінші хатшы шақырып алып, оңаша сөйлесті.

– Шырағым, саған өзің туып-өскен, еңбек жолыңды бастаған ауылға директор болып бар деген қолқа салғым кеп отыр, – деді Еламан Жүнісбаев мұның жүзіне барлай қарап отырып. – Жас емессің. Біраз тәжірибе жинадың. Аудандық партия комитетінің мектебінен өттің. Өз ауылыңда да біраз жұмыстар жасадың. Совхоздың жайын да, ондағы елдің уайымын да бес саусағыңдай білесің. Өз ауылың болғасын жаның ашып жұмыс істейсің. Кемшіліктің бәрін жоюға бар ынтаңды саласың. Сондықтан қазір бұл орынға сенен артық кандидат көріп тұрған жоқпын.

Ибекең сонда өзі құлдық ұрып сыйлайтын Еламан ағасының осы сөзінен асып кете алмады. Сөйтіп, тәуекелге белін бекем буды. Рас, сол кезде жасы әлі 33-ке тола қоймаған маман үшін тұралап жатып қалған шаруашылықты тік тұрғызып әкету оңайға соқпады. Дегенмен, ауылдағы айбарлы ақсақалдар мен ақеден ағаларының ақыл-кеңестеріне сүйене отырып, жұмысты біртіндеп кәдуілгі кәтепті жолға қоя бастады. Алдымен совхоздың ішкі-сыртқы бар мүмкіндігін түгел саралап шығып, жақын арада атқарылатын тірліктердің жоспарын түзіп алды. Содан кейін өзінің осы кезге дейінгі байланыстарын іске қосып, беделін пайдаланып, облыс пен қаладағы барлық жабдықтаушы мекемелермен, сауда орындарымен қарым-қатынасты түзеуге кірісті. Бұлармен бір мезгілде ауылдағы еңбек адамдарының жағдайларын жасауды да қолға алды. Осының бәрі шаруашылықтың жай-күйін ақырын жақсарта беруге серпінді септігін тигізді. Сол жылдары аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы лауазымында отырған Сейілбек Шаухамановтың берген демеуі мен көмегі де кем болмады. Мұның бәрі қайырсыз кетпеді. Алты жыл ішінде ізденгіш те іскер директор совхозды облыстағы ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың шарқына жеткізіп, 100 мың центнер астық бере алатын ұжымдардың санатына қосты. Осы жылдар бедерінде екі еңбеккері Ленин орденімен марапатталса, үш үздік «Октябрь революциясы» және жеті жүйрік Еңбек Қызыл ту ордендерін алды. Тағы бір майталманы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Сонымен бірге, одақтық және республикалық Жоғарғы Кеңестерге бір-бір бейнеткеш депутат болып сайланды.

Тегінде, адал еңбек кім-кімді де жұлдызды жолдың бағытынан адастыра қоймаған ғой. Тарап кетуге күні қараған шаруашылықты қысқа мерзімнің ішінде озаттар ортасына апарып қосқан Ибрагим тағы да соның арқасында қызмет сатысымен жоғары көтерілуге қол жеткізді. Бұған қашаннан қатаң тәртіптің қайраткері саналып келген Еркін Әуелбеков сынды үлкен тұлғаның тікелей қатысы болды. Облыстық партия комитетіне 1985 жылғы қаңтардың 22-сінде бірінші хатшы болып келген Еркін Нұржанұлы көп ұзамай облыстың аудандарымен танысуды Сырдария ауданынан, соның ішінде Жамбыл атындағы совхоздан бастады. Ол келген бойда мұнда совхоздың арғы-бергі тарихымен танысып алып, соңғы жылдарда атқарылған жұмыстардың жайына өте жоғары баға берді. Үлкен басшы сол саралау саясында аудан басшысына Ибрагим Әбибуллаев секілді ізденгіш, іскер кадрларды батыл өсіру керек екенін тапсырып айтты. Содан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нәлқожа Ергешбаев сыншыл облыс басшысының үдесінен шыққан совхоз директорын шақырып алып, ауданға қызметке келуді ұсынды. Бірақ Ибрагим шаруашылықта өзі бастап қойған бірқатар шаруалардың бітпегенін алға тартып, әзір келе алмайтынын білдірді. Сонымен бұл мәселе шешілгендей болып еді, бірақ арада бірнеше ай өтіп, жаздың қайнап тұрған шағында Нәкең тағы хабар салды. Бұл жолы ол Ибекеңе тікелей үйге келуін өтініпті. Ал онда барғанында, бастығы өзіне арнап дастархан жайып қойғанын көрді. Сөйтсе, облыс басшысы оған қыста берілген тапсырманың әлі орындалмай келе жатқаны үшін біраз кейіпті.

Соның жайын бүкпесіз жайып шыққан Нәкең бұған ойлы кейіппен қарап тұрып:

– Айналайын, өзіңе арнайы жайылған дастарханды аттап кетпейтін шығарсың, енді кел ауданға! – дейді тоқетерін айтып.

Осылайша Ибекең сол жылғы шілдеде Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды. Тағы бір тоғыз айдан кейін аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып көтеріліп, ауданның екінші тұлғасына айналды. Ибекең ауданға қызметке келген мезеттен бастап Комсомол совхоз-техникумында 1,5 гектарлық саяжай салдыру мәселесімен айналысып, оның белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін қамтамасыз етті. Облыс аумағында бірінші болып салынған бұл саяжай кейін ауданның көкөніс өндіру жөніндегі жоспарын алғаш рет орындауына мүмкіндік берді. Мұның соңын ала ауданда балық өсіретін тоған шаруашылығын құру ісін басқарды. Жаңа құрылым іске қосылғаннан кейін күніне 3,5-4 тонна балық аулап, қала мен аудан орталығына ұдайы тірі су маржанын жеткізіп тұратын болды.

Біздің тағы бір білетініміз, Қызылорда облысында осы уақытқа дейін бірнеше ауданды басқарған кадрлар көп болған жоқ. Сол сиректің бірі біз сөз етіп отырған Ибрагим Әбибуллаев еді. Ол, жоғарыда атап өтілгендей, 1991 жылы Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етсе, 1992-1994 жылдары осы ауданның әкімі болды, 1994-1996 жылдары Шиелі, ал 2004-2008 жылдары Сырдария аудандарын абыроймен басқарды. Қайда да реформаторлық рәуішінен танбайтын ол осылардың барлығында өзінің айшықты таңбасын, іргелі істерін қалдырды. Айталық, Шиелі ауданына келгенде, ең бірінші қолға алғаны, ахуалдың аса ауырлығына қарамастан, аудандағы егіс көлемін қалайда сақтап қалу болды. Осы мақсатта қой мен сиырды айырбастау жолымен шаруашылықтарды «Құмкөл» мұнай компаниясынан егіске қажетті жанар-жағар маймен қамтамасыз етуді ояға келтірді. Соның негізінде өңірде 12 мың гектар жерге егін егілді. Сол кездері келіп жеткен жекешелендіру кезеңінде колхоз-совхоздардың қырық бөлікке бөлініп, талан-таражға түсіп кетпеу жағын айрықша қадағалады. Судың азайып кетуіне орай «Шиелі» каналының сағасындағы дария арнасына тосқауыл талдырғы салу арқылы бұл мәселені оңтайлы шешіп алды. Осы жылдарда Шиелі ауданының бәйге аттары облыс пен республикада дүркіреп танылып тұрды. 1995 жылы Семей өңірінде ұлы Абайдың 150 жылдығы тойындағы аламанда ауданның «Ызғар» атты тұлпары көмбеге бірінші болып жетіп, бас бәйге – КамАЗ жүк көлігін ұтып алып қайтты. Сырдария ауданында әлеуметтік нысандарды түгел жөндеуден өткізіп, көшені көріктендіру басты қағидалардың біріне айналды. Осы санатта аудандағы мәдениет үйі, музей, мектептер жаңаша реңкке бөленді. Сонымен бірге егін шаруашылығында орын алып жатқан көптеген келеңсіздіктер мен дау-дамайларды реттеу келешектегі келелі істерге негіз қалап берді.

Ибекең өзінің саналы өмір жолын әдетте екі үлкен келісті кезеңге бөліп қарастырады. Оның бірінші бөлігін кеңес төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы, әкім секілді аудандық ауқымдағы лауазымдар құраса, екінші бөлігін облыстың орман, аң, балық шаруашылығы, табиғи ресурстар мен табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тәрізді құрылымдарды басқаруы қамтиды. Осының ішінде ол екі кезеңен тұратын қоршаған ортаны қорғау саласы өзі үшін өшпес өнеге, өзгеше өмір сыйлағанын асқан ризашылық және қанағаттанғандық сезімімен еске алады.

– Егер мен тек белгілі бір аудандардың басшысы болсам, сол аумақтардың төңірегін ғана жете білген болар едім, – дейді Ибрагим Сражаддинұлы осы орайда. – Іс жүзінде менің көзімді ашқан, бүкіл Сыр бойының ахуалынан толық хабардар еткен он жылдан астам уақыт облыстың орман, аң, балық және табиғи ресурстар әлемін басқаруым болды. Осы жылдарда су шаруашылығының барлық өзекті мәселелері, Аралдың тағдыры санада саят тауып, сақталып қалды. Осы арқылы облыстағы судың жайына, экологияға, жануарлар әлеміне, табиғатына қатысты проблемалардың бәріне жақсы қанықтым.

Айтса айтқандай, Ибекең бұл салада да өзінің орасан зор оралымды жобаларын таңбалап қалдырды. Мәселен, 1996 жылы мұнда алғаш келгенінде, оның етек-жеңі алқам-салқам болып жайрап жатыр еді. Басқасын айтпағанда, мекеменің жайғасып отырар дұрыс баспанасы да жоқ-тын, коммуналдық қызметтің барлық түріне шаш-етектен қарыз, қызметкерлер айлық жалақы алу дегеннің не екенін көптен бері ұмытқан. Бірақ шешінген судан тайынбастың тұрқын танытқан жаңа басшы ұшы-қиыры жоқ бұл жұмысқа кібіртіктемей қол ұрды. Проблеманың денін республикалық дәргейде шешіп, біртіндеп ұжымды тұйықтан шығарды. Бұдан әрі Арал теңізінің құрғаған табанына сексеуіл егуді жалғастырып, барлық аудандар орталықтарынан көшет өсіретін питомниктер ашты. Қазір аймақ соның игілігін көріп отыр. Сөйтіп, 2004 жылы бұл жерден басқа жұмысқа ауысқанында бұрынғы 230 адамдық штаттық кестені 400-ге дейін апарды. Ал 2008 жылы салаға қайта оралғанында коммуналдық жүйе меншігіне өтіп кеткен су шаруашылығының тағы да қиын жағдайда қалғанына көз жеткізіп, оны шешуге белсене бедел салды. Нәтижесінде су жолдары мен коллекторларды жөндеуге қыруар қаржы алдыруға қол жеткізді, су шаруашылығы саласының республикалық бюджетке қайта алынуына мұрындық болды. Облыстағы 147 ауылдық округтің 89-на су бармайтыны немесе нашар баратыны анықталып, оларға баратын каналдарды қайта қазуға және жөндеуден өткізуге қыруар қаржы бөлгіздірді. Аралдың табанында жұмыс жасау үшін Дүниежүзілік даму банкісі қарастырған 1 миллиард 680 миллион теңге ақшаға түрлі техника сатып алынды.

Ибекеңнің шын мәнінде де сайыпқыран екеніне куә болатын тағы бір фактор оның әділдігінен көрінеді. Мұны оның өзі отбасынан көрген тәлім мен алған тәрбиеден деп есептейді. Әкесі Сражаддин де, анасы Күлайым да құдайына қараған, әділдік пен адалдықты ту еткен, шындықты ғана қосқа қосатын абзал жандар еді. Сол тағылым кейін өздері арқылы балаларына да көшті. Жан жары Жиынтай Халелқызы екеуі ұрпақтарына сондай тазалық жағында жүруді айтудан жалыққан емес. Ең бастысы, мұны олар да өз өнегелерімен көрсетті. Соның мияты шығар, өздерінен тараған 2 ұл мен 2 қыз тазайын болып өсті, бәрі де қал-қадерлерінше өмірден орындарын тапты. Соның ішінде балалардың алды – Аиданың «Қазпошта» акционерлік қоғамының Қызылорда облысындағы филиалын абыроймен басқарып келе жатқанынан бөлек, қайсы бір жылы праймериз тәртібімен өте көп дауыс жинап, облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланғанын айтпай кетуге болмайды. Ал одан кейінгі ұлы Алтай – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, бүгінде еліміздің Хорватиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарып отыр. Бұлардан кейінгі Бейбіт пен Әлия да ата – салтына, ана даңқына сай тіршілік етіп, өз кәсіптерімен барынша адал айналысып келеді.

Әдетте әділдік алмас қылыш сияқты өткір болғанымен, оның өз иесіне залалы тиіп кететін жайы аз кездеспейді. Бірде елге келген от ауызды, орақ тілді жазушы Шерхан Мұртаза Ибекеңнің сондай туралықтың тұнбасы екенін байқап қалып: «Інім, адалдығың жақсы-ау, бірақ біздің қоғамда онша мақұлдана бермейтін бұл қасиеттен тартатын зардабың да кем болмас», – дейді. Қарымды қаламгердің сол пайымы соған дейін де, содан кейін де бірнеше дүркін алдынан шыққан. Мәселен, 2005 жылы президент сайлауы өткенде, қайта сайланып жатқан мемлекет басшысына дауыс берушіліктің облыс бойынша орта деңгейі 98,2 пайыз болып белгіленіп қойылғанда, ол басқаратын Сырдария ауданының көрсеткіші небәрі 76, 6 пайыздан қайырылған. Бұған реніш білдірген жоғарыдағылар нәтижені жедел өзгерту жөнінде нұсқау бергенімен, Ибекең мұның өзі демократияның салтанат құрғанын көрсететінін айтып, қозғала қоймады. Сол үшін кейін біраз қағажу көрсе де, айылын жиған жоқ. Ақырында оның таза принциптің адамы екеніне көздері жеткесін бұл дүрбелеңді біртіндеп тоқтатады.

Біздің кейіпкеріміздің адалдығын айғақтайтын тағы бір дерек – аудандарда әкім болып жүрген кезінде ешқашан ауыл шаруашылығы өндірісінің көрсеткішіне қосып жазу деген қитұрқы қылықты маңайына жолатып көрген емес. Басқалар көрер көзге өтірікке барып, ойларына келген цифрларды қойып жатқандарын байқап отырса да, бір өзі былқ етпеді. Бір жылы Сырдария ауданында бұлар орта көрсеткішті өзінің шын мөлшерімен белгілеп, әр гектардан 39 центнерден түсім түскенін мөрлеп берді. Ал өзге өңірлер бұл уақта оның 50-дің үстіне үстемелей шығарып жіберіп, бұған миығынан қарап күліп тұрды. «Алтын орақ» науқанының қорытындысында солар жеңімпаз бен жүлдегер атанып, мәз-майрам болды. Бірақ келесі жылдың басында «қамбалары астыққа толы» солардан бір тонна да Сыр салысы табылмай, салдары суға кетіп тұрғанда, сырдариялықтар жоғары жақтың сұраған күрішін кідіріссіз тауып беріп жатты.

Шындықтың шырайынан шуақ алатын, елдің бүгіні мен ертеңіне дәйімі алаңдап отыратын Ибекең қазір де аттың үстінен түсіп тұрған жоқ. Олай дейтініміз, облыстағы әр алуан әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тиісті орындардың назарын аударып, оларды шешудің жолдарын қарастыру мақсатында құрылған «Ардагерлер даусы» қоғамдық бірлестігінің құрылтайшылары қатарында бар бұл кісі сол ұйымның белді де белсенді мүшелерінің бірі ретінде төрағаның орынбасары қызметін атқарады. Ал бірлестік Сыр бойының жерге, суға, экологияға қатысты, коммуналдық қызметтерге қатысты көптеген өзекті мәселелерін көтеріп, өз үндерін президентке дейін жеткізіп отыр. Бұдан қалды, Жаңақорған жерінде бабаларының рухтарына арналған «Үш ата» кесенесінің бой көтеруі мен қазір қайта жаңғыртылуының басынан табылып келеді.

Ұзақ жылдар бойы халық шаруашылығы саласында жемісті еңбек етуі арқасында Ибрагим Әбибуллаев өзінің маңдай тері сіңген Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» атанды. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің құрметті профессоры деген атағы тағы бар. Кеңес кезеңінде «Құрмет белгісі», тәуелсіздік жылдарында «Құрмет» ордендерімен марапатталған.

Зады, Ибрагим Әбибуллаевтың тағы бір жақсы қасиеті, осынау 75 жылдық ғұмыр жолында өзіне әртүрлі кезеңде, әртүрлі жағдайда, әртүрлі сипатта жол көрсеткен, қол ұшын берген, қолтығынан демеген алдыңғы толқындағы ағаларының, өзінің замандас қатар-құрбылары мен ізіне еріп келе жатқан інілерінің сол ізгілікті істерін әсте ұмытпай, үнемі жадында ұстап жүреді. Солардың ішінде өзін қызмет сатысының тепкішегіне алғаш рет жетелеп әкеліп, өте көп тәлімді тәрбиесін берген ұлағатты ұстазы Еламан Жүнісбаев әрдайым көңілінің көгінде, жүрегінің төрінде жарқырап көрініп тұрады. Өмірінің бірінші кезеңінде кезіккен келесі көшбасшысы Нәлқожа Ергешбаевқа да айтар алғаусыз алғысы жетерлік. Екі кезеңде де келелі орны болған ұлы ұстаздарының бірі Сейілбек Шаухаманов ағасымен кейін ерекше біте-қайнасып кетті. Ол кісіден көрген жақсылығы көп, алған өнегесі өлшеусіз. Бұдан әрі тереңдей түссек, үлкен ауқымдағы мемлекет және қоғам қайраткері ретінде республикамыздың тарихында, халықтың санасында қалған өте талапшыл да қатал басшы Еркін Әуелбековтің шапағатына бөленген сәттерін әмісе ойынан шығармақ емес. Осы кездерде Исатай Әбдікәрімов, Сағидолла Құбашев сынды белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен жақсы сыйластықта бола білгенін де өзінің жетістіктерінің бірі санайды. Бір кездері облыс басшылары санатында болған Евгений Золотарёв, Виталий Брынкин сықылды тұлғалармен де сыйластық сипат орын алды. Ал қазір Мәскеуде тұрып жатқан Виталий Алексеевич әлі күнге дейін хабарласып, кейде түрлі отбасылық іс-шараларына қатысып қайтады. Ол жақында досының мерейлі жасқа толуына байланысты да кең-құлаш жеделхат жіберіп, ақжарма ниет-пейілін білдіріпті. Тәуелсіздік жылдарында облысты абыроймен басқарған Икрам Адырбековпен арада қалыптасқан өзара түсіністік әлі жалғасып келеді. Кезінде көп жылдар бойы Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласын басқарған, қазір облыстың тізгінін ұстап отырған Нұрлыбек Нәлібаевпен көп мәселеде пікірлес болып келе жатқаны да жанында жарасымды жылы әсер қалдырады.

Қазақтың «Адамның күні – адаммен» деген қағидатының туралығын Сырдарияда әкім болып жүрген кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына өзінің үздіксіз үлесін қосқан «СаутОйл» компаниясының президенті, белгілі кәсіпкер, меценат Серікжан Сейтжанов талай дүркін дәлелдеп берді. Ертеден әділдігі мен принципшілдігі арқасында ең сенімді аға-достарының бірі болып келе жатқан Жарылқасын Шәріповпен қазір де ұдайы бірге. Сол сияқты өзіне көңілдері түзу Қорғанбек Қайруллаев, Бақберген Досманбетов, Қожахмет Баймаханов, Абзал Ералиев, Нұрлыбек Жолдасбаев, Мақсұтхан Бимурзаев, Батырбек Мәншәріпов іспеттес айтулы азаматтарды ешкімнен кем көрмейді. Бұлардан басқа, бала жасынан дерлік бірге келе жатқан Басахаддин Еспенбетов, Әбдіғаппар (Мұқан) Әмірғалиұлы, Сахабаддин Зияддинов кейіптес достарының орындары мүлде бөлек. Осы кезде соңғылары сапында Байзақ Момынбаев та жайраңдап жүрер еді, әттең, бұдан бірқатар жылдар бұрын ауыр кеселдің кесірінен фәниден озып кетті.

Ибекең кезінде ел-халыққа аттары мәлім талай тарландармен қошуақ көңілмен қатынас жасасып келді. Солардың ішінде қазақтың әлемге әйгілі классик жазушысы Әбдіжәмил Нұрпейіспен оның өмірінің соңына дейін ағалы-інілік құрметтестік ілтипаты созылғанын зор мақтан тұтады. Бұдан кейін академиктер Сұлтан Сартаев, Бірлес Адияров, сайыпқыран спортшы, қоғам қайраткері Серік Қонақбаев, қоғам қайраткері Есенжол Әлияров, дәрігерлер Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Тұрғанбай Маханов, Абдолла Шүленбаев, Нариман Табынбаев, Болатбек Баймаханов, ақын-жазушылар Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Фариза Оңғарсынова, Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев), Темірхан Медетбек, Сұлтанәлі Балғабаев, Көпен Әмірбек, Қайырбек Асанов, Күләш Ахметова, Жадыра Дәрібаева, актер Құман Тастанбеков, режиссер Сергей Әзім ныспылы танымал тұлғалар алдымен ауызға оралар еді. Ал аттас жерлесі ақын Ибрагим Иса болса, композитор Қалдыбек Құрманәлінің өзіне арнап шығарған «Сырдария жағалауы» атты әнінің мәтінін жазып, екі арадағы аяулы қадірлестік кеспірін көркем тілмен кестелеп көрсетті.

– Шынтуайтында, адам баласы үшін бұл жалғанның жалпағында сыйластықтан артық сый-сияпат, құрмет-қошемет болмайды екен, – дейді Ибекеңнің өзі қазір.

Бұған біз де келісеміз.

Серік ПІРНАЗАР

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button