Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында сенсациялық жеңіске жетті (видео)
ТРНАВА. 7 маусым. Бүгін түнде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Словакия ұлттық командасымен кездесіп, қарсыластарын 1:0 есебімен ұтты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Осылайша біздің жерлестеріміз Ұлттар лигасы жаңа маусымының 2-турында айды аспаннан бір-ақ шығарып, сенсациялық жеңіске жетті. Сөйтіп, алғашқы екі ойында да ұтысқа қол жеткізген олар 6 ұпаймен жеке-дара топ бастады.
7 маусым, сейсенбі. Ұлттар лигасы. С тобы, 3-тармақ. 2-тур
Трнава (Словакия). «Антон Малатински» стадионы. 4 146 жанкүйер.
Төреші: Кристо Тохвер (Эстония).
Словакия: Марек Родак, Юрай Хватал, Милан Шкриньяр (Мартин Вельент, 43), Норберт Дьёмбер, Мартин Косцелник (Давид Стрелец, 83), Станислав Лоботка, Юрай Куцка, Альберт Русняк (Роберт Боженик, 71), Владимир Вайсс (Томаш Суслов, 46), Иван Шранц (Лукаш Гараслин, 46).
Қазақстан: Игорь Шацкий, Нұралы Әліп, Александр Марочкин, Сергей Малый, Михаил Габышев (Бағдат Қайыров, 65), Тимур Досмағамбетов, Исламбек Қуат, Аслан Дарабаев (Самат Жарынбетов, 73), Рамазан Оразов (Ян Вороговский, 59), Эльхан Астанов (Владимир Васильев, 59), Абат Айымбетов (Артур Шушаначев, 65).
Голдар: Аслан Дарабаев (26).
Ескертулер: Владимир Вайсс (32), Юрай Куцка (39), Лукаш Гараслин (61), Ладислав Альмаси (83) – Тимур Досмағамбетов (29), Нұралы Әліп (37), Игорь Шацкий (73), Артур Шушеначев (74), Сергей Малый (86), Бағдат Қайыров (87).
Бұл кездесуді де біздің құрама қарқынды бастады. Сол бойда Абат Айымбетов жақсы бір мүмкіндікті жіберіп қойды. Ол асығыс ұрып, қақпаны дәл көздей алмады.
Бірден айтайық, Словакия құрамасы осы сәтте де, тұтас ойын бойынша да, соншалықты қаһарлы қарсылас болып көрінбеді.
Мұның орнына, Магомед Адиевтің сарбаздары алаң иелерінің қақпасына көбірек қатер төндірді. Осы кезде Рамазан Оразов, Эльхан Астанов белсенділік танытты. Ал 26 минутта төрт тараулы жүрістің нәтижесінде Аслан Дарабаев словактар қорғанысынан саңылау тауып, есеп ашып кетті. Ол тізбектің ең соңынан Эльхан Астановтың көлбей тастаған добын қақпа торына сүңгітіп жіберді.
Осы голдан кейін алаң иелері қарқынды қимылдай бастады. Бірақ тайм соңына дейін таразы басын теңестіре алмады.
Словакия құрамасы екінші таймның басында бірден екі ойыншысын алмастырды. Осы тұста қонақтар жаппай қорғанысқа көшуге мәжбүр болды. Соның барысында Игорь Шацкий өз қақпасын бірнеше рет қорғап қалды. Бір мәрте Лукаш Гараслиннің тепкен добы бағаннан кері қайтты.
Дегенмен, матчтың 77-минутында Ладислав Альмаси гол салып еді, артынан ВАР арқылы бұған дейін оған доп берген футболшының өте дөрекі ойнап, қарсыласын қағып кеткені анықталып, бұл нәтиже есепке алынбады.
Осылайша матч соңына дейін есеп өзгерген жоқ.
Бұл топта бірінші турда Словакия құрамасы Беларусьпен бейтарап алаңда ойнап, 1:0 есебімен жеңген еді. Ал қазақстандықтардың сол жолы әзербайжандарды өз алаңында 2:0 етіп ұтқаны белгілі.
Екінші турдың екінші ойынында Беларусь пен Әзербайжан бейтарап алаңда ұшырасып, 0:0 есебімен тең тарқасты.
Сонымен, екі турдан кейін 6 ұпай алған Қазақстан бірінші орында келеді. Ал Словакияда – 3, Беларусь пен Әзербайжанда бір-бір ұпайдан бар.
Келесі, 3-турдың ойындары 10 маусым күні түнде ойналады. Қазақстан сол күні Беларусьпен бейтарап алаңда – сербтің Нови-Сад қаласында ойнайды, келесі жұпта Әзербайжан – Словакия Бакуде күш сынасады.