Неміс баспасөзі: НАТО елдері Украинаға танк пен ұшақ бергілері жоқ
БРЮССЕЛЬ. 27 мамыр. НАТО-ға мүше елдер арасында Украинаға танк пен әскери ұшақ бермеу жөнінде жасырын келісім бар. Бұл туралы «Азаттық» радиосы хабарлады.
Радио Германиядағы DPA агенттігі мен Die Zeit басылымдарының ақпарларына сүйеніп отыр. Ал олар өз мәнбелеріне сілтеме жасаған.
Белгілі болғанындай, НАТО елдері Украинаны қолдап отырғанына қарамастан, альянс пен Ресей арасында ашық майдан болғанын қаламайды, сол себепті Киевке қару-жарақтың белгілі бір түрлерін бергісі келмейді.
Құжат жүзінде мұндай келісім болмағандықтан, Солтүстік альянс елдері қару беру-бермеу мәселесін өзі шеше алады, алайда, Польша Украинаға МиГ-29 жойғыштарын, басқа да елдер, мысалы, Германия ауыр бронды техника беруден тас тартқан.
Бірнеше ел, соның ішінде Польша мен Чехия Украинаға бронды техникасын жіберді. Бірақ олардың бәрі ескі совет үлгісінде жасалған. Батыс үлгісімен жасалған танктер мен ұрыс машиналары Украинаға жетпей жатыр.
«Ресей олардың батыстың ұрыс танктері мен әскери ұшақтарын Украинаға беруін соғыс ашты деп санап, оған қарумен жауап беруі мүмкін деген қауіп бар», – деп жазды DPA.
Германия канцлері Олаф Шольц бейсенбі күні Давоста сөйлеген сөзінде НАТО елдері Ресеймен ашық майданда кездеспеу үшін барын салады, бірақ Батыс «Владимир Путин қалайтын бейбітшілік шартына» келіспейді деп мәлімдеді. Германиядағы саяси күштердің бірқатары Шольцты Украинаға ауыр техника беруге кедергі жасады деп айыптайды.
Украина батыс елдерінен ауыр техника күтеді, соның көмегімен Ресей шабуылын тоқтатып, қарымта шабуылға көшкісі келеді. Батыс елдерінің бірқатары, соның ішінде АҚШ пен Ұлыбритания, Киевке артиллерия жүйелері мен әуе қорғанысы техникаларын берді. Дания «Гарпун» зымырандарын беретіні жақында ғана мәлім болды. Киев соның көмегімен Ресейдің Қара теңіз флотындағы кемелерге қауіп төндіре алады.
Израиль танктерге қарсы Spike зымырандарын беруден бас тартқаны бейсенбі күні мәлім болды. Мұндай ұсынысты АҚШ жасаған. Зымырандарды Израиль технологиясымен Германия шығарады. Мәліметтерге қарағанда, Израиль заңсыз әскери техникаларын ғана жолдауға келіскен, өйткені, ол Ресей «Израильдің Сириядағы мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін деп қауіптенеді».