Украина ұраны – «Русский корабль, иди нах#й»-дың авторы табылды
КИЕВ. 24 мамыр. РФ оккупанттары Украинаға басып кіргелі бері бұл елді қорғаушылардың ұраны сияқты болып кеткен тіркестің авторы кім екені белгілі болды. Бұл туралы DonPress хабарлады.
Негізінде, «Русский военный корабль, иди нах#й» деген лозунг Қара теңіздегі Змеиный аралында бірінші рет айтылған. Одесса маңындағы әскери базаны қорғап тұрған солдаттардың бірі өздерін ракетамен соққылап тұрған кемеге қарата осы слоганды айтқан. Сосын ол тез тарап кеткен. Тіпті DonPress порталы оны өзінің «шапкасы» етіп басылым парағына іліп қойған.
Мемлекеттік шекара қызметі аталмыш фраза авторының жеке басына залал келмеуі үшін оның есімін ешкімге айтпай, жасырып ұстаған. Себебі, ол Змеиный аралындағы қаруластарымен бірге артынша жау тұтқынына түсіп қалған. Қазір ол қапастан шыққан.
Украина мемлекеттік шекара қызметінің спикері Андрей Демченко «Украинская правдаға» берген сұхбатында қауіпсіздік шарасын сақтау үшін тіркес авторының аты-жөнін қазір де жария ете алмайтындарын айтады.
«Бұл сөзді айтқан шекарашы сол кезде тұтқынға түсіп қалғандықтан, өзіне зияны тиіп жүрер деген сақтық ниетімен оның атын айта алмадық. Қазір, қуанышқа орай, ол бостандықа шықты. Бірақ белгілі бір жағдайларға байланысты әзірге құпияны аша алмаймыз», – деді ол.
Ал шекарашы жігіт өзінің ашу-ызамен айтқан сол боқтық сөзі артынша ұранға айналып кетеді деп ойламаған екен. Дегенмен, ол аралды жанқиярлықпен қорғап жатқан украин жауынгерлерінің кегі мен өшінің көрінісіндей болып, тез арада әскерилер арасына тарай жөнеледі.
«Змеиный аралы» шекара заставасының бастығы Богдан Гоцкий әлгі тіркесті айтқан шекарашының нағыз патриот екенін жеткізді.
Суретте: «Змеиный» аралы жоғарыдан түсірілгенде