Украина соты РФ солдатына өмірлік түрмеде отыру үкімін шығарды
КИЕВ. 24 мамыр. Украина соты ресейлік солдат Вадим Шишимаринді соғыс заңдары мен салттарын бұзды деп айыптап, оған өмір бойы түрмеде отыру жазасын кесті. Бұл туралы РБК хабарлады.
Қатардағы жауынгер Вадим Шишимарин Сумы облысында жасы ұлғайған бейбіт тұрғынды ешбір себепсіз атып өлтірген.
Солдат сотта өзінің кінәсін толық мойындап, осы үшін өкініш білдірді.
Киев соты Украинада жасаған соғыс қылмыстары үшін ресейлік бірінші әскери қызметкерге үкім шығарды. Қаладағы Соломенки аудандық соты оған өмір бойы түрмеде отыру жазасын берді.
Вадим Евгеньевич Шишимарин 2000 жылы 17 қазанда Иркутск облысындағы Усть-Илимск қаласында туған. Ол Кантемир 4-ші танк дивизиясында бөлімше командирі болған.
Тергеудің болжамы бойынша, аталмыш әскери қызметкер 62 жастағы Александр Шелиповті басынан Калашников автоматымен атып өлтірген. Осыған байланысты оған Қылмыстық кодекстің 438-бабының 2-тармағы («Соғыс заңдары мен салттарын бұзу») бойынша айып тағылды.
Мамыр айының басында Украина қауіпсіздік қызметі ресейлік әскери қызметкерлердің өз кінәсін мойындап тұрған видеосын жариялады. «Маған оны ат деген бұйрық берілді, мен бір дүркін оқ аттым, ол құлап түсті», – дейді Шишимарин жазбада.
18 мамыр күні өткен бірінші ашық сотта әскери қызметкер өз кінәсін мойындады. Ал 20 мамырда болған соңғы сотта өзінің әрекеті үшін кешірім сұрап, шын өкінетінін білдірді.
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков соттың үкімі шығардан шамалы күн бұрын Кремльдің «оның мүддесін оқиға болған жерде қорғауға мүмкіндігі жоқ» екенін айтып ақталған болатын.
Әзірге Ресей Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға байланысты түсіндірме берген жоқ.