Подоляк: Украина өз жерінен айрылатын келісімге ешқашан көнбейді
КИЕВ. 23 мамыр. Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк Киевтің Мәскеумен ел территориясынан айырылатын бірде-бір келісімге келмейтінін айтты. Бұл туралы DonPress хабарлады.
Подоляк Reuters агенттігіне берген сұхбатында «украин территориясының басып алынуын мойындайтын» бірде-бір келісімге келмейтіндерін, онда РФ-мен арадағы ұрыс қимылдарының тоқтамайтынын баяндады.
Кеңесші сондай-ақ Украина басшылығының соғысқа қатысты позициясының барған сайын ымырасыз болып бара жатқанын, себебі, келіссөз кезінде кез келген кері шегінушілікке жол беріп, жаумен мәмілеге барудың Украина үшін келеңсіз болып шығатынын мойындады. Өйткені, РФ мұндай жағдайда ұрыс қимылдарынан кейін уақытша демалып алып, артынан тағы қатты соққы беріп қалуы әбден ықтимал.
«Ресей қарулы күштері біздің еліміздің территориясынан түгел кетуі керек, тек содан кейін ғана біз келіссөз процесін жалғастыра аламыз», – деді Подоляк жедел соғысты тоқтатуға шақырудың «өте таңғаларлық нәрсе» екеніне салмақ сала тұрып.
Оның айтуынша, қазір украин тарапынан болатын кез келген ымырагершіліктің зардабы соңыра елге өте ауыр тиетінін, себебі, осы кезді позицияларын нығайтып алуға жұмсайтын Ресей сосын тағы соғысты жалғастырып кетеді.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басқыншыларын ел шекарасынан қуып шығып, жеңіске жеткеннен кейін шетелдік сапарында бірінші кезекте Польшаға баратынын баяндады.
«Менің қазір бізге айрықша көмектесіп отырған поляк қалаларын аралап шығуға мүмкіндігім жоқ. Мен ең алдымен осы қалаларға барып, ондағы адамдарға алғыс айтар едім. Мен өзіміздің жеңіске жететінімізге, бұл арманымның орындалатынына сенімдімін», – деді ол.
Президент поляктар басшысы Анджей Дуда тарапынан өте күшті қолдау алып отырғандарын да сүйсіне сөз етті.
Өз кезегінде Польша президенті украин жауынгерлеріне табандылықтары мен ерлікке толы шайқастары үшін рахмет айтты.