Дағыстанда оқушы қыз жиында «Путин – шайтан» деді
МАХАЧКАЛА. 23 мамыр. Кеше Дағыстандағы бір мектепте өткен соңғы қоңырау салтанаты кезінде сөйлеген оқушы-түлек РФ-ның Украинадағы соғысын айыптады. Бұл турады «Медуза» хабарлады.
Орта мектептің 11 сынып оқушысы мектеп ауласында өткен линейка жиынында сөйлеп тұрып: «Соғыс болмасын! Украинаға бостандық берілсін! Путин – шайтан», – деді қаймықпай.
Мәлімдемеден кейін қатарда тұрған оқушылар қызу қол шапалақтап жіберді.
Бірақ құқық қорғау органдары бұл оқиғаны қағас жібермеді. Олар шұғыл түрде қызға «Қарулы күштердің пайдаланылуын дискредитациялауға бағытталған көпшілік әрекеттері» бабы бойынша хаттама толтырды. Ал оның анасын «кәмелетке жасы толмаған баласын тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндетін орындамағаны үшін» жазалады. Нәтижесінде сол күні-ақ сот оған 1 млн рубль көлемінде айыппұл салды.
Кейінірек Дағыстан пабликтерінде мектеп түлегі мен оның анасының кешірім сұрап тұрған видеожазбасы пайда болды.
Ресейдің белгілі саяси сарапшысы Максим Кац бүгін Twitter желісінде: «Достар, соңғы қоңырауда сөйлеген, ал бүгін айыппұл алған дағыстандық мектеп оқушысының контактысын маған кім тауып бере алады? Біз өз жақтастарымызбен бірге видеода кешірім сұрауға және айыппұл төлеуге мәжбүр етілген оған азаматтық өтемақы ретінде 1 млн рубль ақша жинап береміз», – деп жазды.
Бұдан бірнеше күн бұрын Санкт-Петербургтегі А2 алаңында өткен «Кис-Кис» тобының концертінде жастар соғысқа қарсы ұран көтерді. Оның видеосы сол бойда желіде тарады. Жазбада Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы жастардың «Х*** войне!» деп жабыла айқайлап жатқандары естіледі.
«Бұл – нақты социологияның сеансы. Режим мен соғысқа қатысты. Сұмдық нәрсе болды. Полиция тыжырынды. Чекистер жүгіріп жетті. Жан-жаққа тараған тарақандай жүгірді. Бірақ ешкімде қармап қала алмады, өздері де сасып қалды», – деп жазды көргендер.