Украина: Оккупанттар 4 бағытта шабуыл жасап, тойтарыс алды
ЛУГАНСК. 22 мамыр. РФ оккупанттары кеше Луганск облысында 4 бағытта шабуылға шығып, бәрінде де күшті тойтарысқа тап болды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Луганск облысы әскери әкімгершілігінің басшысы Сергей Гайдай басқыншылардың Северодонецк бағытында бірден төрт тараптан шабуыл жасағанын, бірақ бұлардың бәрінде де маңдайлары тасқа соғылып, бұрынғы позицияларына қарай кері шегінгендерін мәлімдеді.
«Әйткенмен, олар артиллерия мен минометтен атқылауларын тоқтатпады. Олардың бақылауындағы елді мекендердің барлығы дерлік зардап шекті», – деді ол.
Облыс басшының айтуынша, РФ армиясы Северодонецк мен Лисичанск арасындағы темір жолға жақын көпірді зеңбірекпен атқылап қиратқан.
Бұдан бөлек, оккупанттар тәулікте Северодонецкіде 7 үйді, Лисичанск, Тошковка және Нирковой елді мекендерінің әрбірінде 5 үйден, Врубовкада – 4 үйді, Горский мен Золотойда – 3 үйден, Привольеде 2 үйді қиратты.
Гайдай сондай-ақ 21 мамыр күні Луганск облысында әскери техникаларды суретке түсіріп жүрген бірнеше кісінің ұсталғанын айтты. Енді олармен Украина қауіпсіздік қызметі айналысады.
Украин қарулы күштері жаудың 9 шабуылдың бетін қайтарып, 5 танкісін, 4 артиллерия жүйесін, 10 жауынгерлік бронды техникасы мен 2 автомобилін жойып жіберді. ПВО бөлімшесі тағы бір «Орлан-10» БПЛА-сын (беспилотник) атып түсірді.
Британия барлау қызметі Ресейдің бүгін өз сүңгуір қайықтарының үштен екі бөлігін Қара теңізге шығарғанын баяндады. Олардың әрбірінде ракета бар. Бұл басқыншылардың жаңа шабуылға дайындалып жатқанын көрсетеді.