Ағылшын тілі 1-сыныптан оқытылмайтын болды
Астана, 16 тамыз. Бүгінгі мұғалімдердің тамыз мәслихатында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үштілділік мәселесіне де қайта оралды. Бқл туралы ras.org.kz хабарлады.
«Үш тілді білім беру жүйесін енгізу – күн тәртібіндегі өзекті тақырып, – деді Президент сөзінде. – Ең алдымен, бұл мәселені жан-жақты талдап, салмақты шешімге келу қажет.Бұл – өте маңызды».
Мемлекет басшысы өз сөзінде академик Ахмет Жұбановтың «Әр халықтың ана тілі – білімнің кілті» деген сөзін есіне алды. Бұл сөз біз үшін негізгі ұстанымға айналуы тиіс. Үш тілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте, ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндігіне қарай, оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асуы тиіс.
«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп өте өнегелі ой айтты, – деді Қ. Тоқаев. – Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3-ші сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай 5-ші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын».