Ресей оккупациясын қолдаған спортшылар жарыстардан шеттетіледі
ЛОЗАННА. 21 мамыр. Халықаралық олимпиялық комитет Ресейдің Украинадағы соғысына қолдау білдірген спортшылар мен фукнционерлердің жазаға ұшырайтындарын ескертті. Бұл туралы немістің DW басылымы хабарлады.
«ХОК ресейлік спортшылар мен функционерлердің айтқан сөздері мен іс-әрекеттерін мұқият қадағалап отыр. Егер РФ оккупанттарының Украинаға басып кірулеріне қолдау білдіретін болса, олар қаһарлы жазаларға ұшырайтын болады», – деді Халықаралық олимпиялық комитеттің президенті Томас Бах 20 мамыр күні Лозаннада өткен 139-шы сессияда.
Иә, Ресейдің Украинаға басып кіргеніне қолдау көрсететін спортшылар мен спорт функционерлері ХОК тарапынан қатаң жаза алатын болады.
Томас Бах қазіргі таңда Ресейдің Евгений Рылов және Иван Куляк деген спортшыларына қатысты шешім шығарылып қойылғанын айтты. Олар өз елдерінің Украинаға қарсы соғысын қолдағандары үшін халықаралық жарыстарға қатысу құқығынан айырылды.
Оның айтуынша, ХОК Ресейде соғысқа ашықтан ашық қарсылық білдіргендердің қылмыстық қуғындауға түсетінінен хабардар. «Біз бұл жағдайда үндемей қалудың өзі белгілі бір ишараны білдіретінін түсінеміз», – деп атап өтті ХОК басшысы.
Бах Халықаралық олимпиялық комитеттің бұл әрекетін «қорғаныс шарасы»» деп атады.
Ол ХОК-тың Украинадағы соғысқа байланысты көрсетіп отырған реакциясының дұрыс екенін атап өтті.
Президент сонымен бірге ХОК-тың ресейлік мүшелері Елена Исинбаева мен Шамиль Тарпищевтің жұмыстан босатылмауын қолдайтынын тағы да мәлімдеді. Оның пікірінше, жаза тек Ресейдің Украинадағы соғысын қолдаушыларға ғана қатысты қолданылуы керек.