Тәжікстанда соғыс дрондарын шығаратын зауыт іске қосылды
ДУШАНБЕ. 19 мамыр. Тәжік мемлекетінде Иранның соғыс дрондарын шығаратын зауыт өз жұмысын бастады. Бұл туралы Mehr хабарлады.
«Душанбеде Иран Қарулы күштері штабының бастығы, генерал-майор Мохаммад Багери мен Тәжікстан Қорғаныс министрі Шерали Мирзоның қатысуымен Иранның «Ababil 2» маркалы БПЛА-сын шығару өндірісі іске қосылды», – делінген хабарлады.
Сөйтіп, парсы тілді екі мемлекет біріне-бірі қамқор қолын созды.
Мәлімдемеде бір тілде сөйлейтін туыс екі мемлекет арасындағы өзара қорғаныс және әскери әріптестікті нығайту мен дамыту мақсатында құрылған зауыттың Иран мен Тәжікстанның ресми тұлғалары тобының қатысуларымен ашылғаны атап өтілген.
«Біз бүгін ішкі тұтынымнан бөлек, әскери техникамызды сыртқа да шығара алатын болғанымызға қанағаттанғандық сезіммен тұрмыз, бұл туыс екі ел арасындағы қауіпсіздік үшін жасалатын шаралардың нығая түскенін де көрсетеді», – деді Багери.
Ол Тәжікстанда «Ababil 2» дроны зауытының ашылуы Иран мен Тәжікстан арасындағы әскери әріптестіктің бұрылысты сәті болып табылатынын атап өтті.
Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда ресми сапармен болған кезде екі мемлекет басшылары арасында қазақ жерінде түріктің беспилотниктерін шығаратын зауыт ашу жөнінде мәмілеге келді. Анкара да бұған дейін өз елінің территориясынан тыс жерде қару өндіретін өнеркәсіп ашпаған болатын.