Украинада жаудың 4 бағыттағы шабуылына да тойтарыс берілді
КИЕВ. 19 сәуір. Ресейдің басқыншы әскерлерінің өткен тәулікте Украинадағы төрт бағыт бойынша жасаған шабуылы да сәтсіздікке ұшырады. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Украин қорғаушылары Ресей басқыншыларының елдің шығыс беткейінде 4 бағыттан жасалған шабуылдарын да өрістетпей тоқтатып тастады.
Украина Қарулы күштерінің бас штабы мәлімдемесінде «Жау Шығыстағы операциялық аймақта шабуыл әрекеттерін тоқтатпай тұр. Дұшпан негізгі күштерді Донецк бағытына шоғырландырған», – деп хабарлады.
Волынь және Полесск бағыттарындағы жағдай әзірге өзгеріссіз сақталып тұр.
Беларусь республикасының территориясынан Украинаның азаматтық және әскери инфрақұрылымдары нысандарына ракета-бомбалық шабуыл жасалу қаупі әлі сейілген жоқ.
Солтүстік бағытта жау бөлімшелері Брянск және Курск облыстарында қосымша отты нүктелер мен шекаралас аудандарда қорғаныс жарақтарын орнату жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Оккупанттар Чернигов және Сумы облыстарының елді мекендерін артиллерия мен минометтен атқылап, Десна елді мекеніне ракетамен соққылады. Сол сияқты дрондардың (БПЛА) көмегімен аталған бағыттарда барлау жүргізуге әрекет жасап бақты.
Басқыншылар Харьков бағытындағы негізгі күштерін бұған дейін басып алған позицияларын қорғай отырып, айырылып қалған территорияларын қайтару үшін шоғырландырды. Бұл бағытта жаудың диверсиялық-барлау топтары да бар екені айтылады.
Тәулік ішінде украин зенитті ракета әскерлері дұшпанның бір ұшағы мен бір қанатты ракетасын атып түсірді. Әуе күштерінің екпінді авиациясы жау техникалары шоғырланған жерлерге бірнеше рет соққа берді. Алдын ала есеп бойынша, осы соққыдан жаудың 20-ға жуық бронды машинасы, оқ-дәрілері мен жеке құрамы жойылды.
Жау тәулікте Донецк және Луганск бағыттарында 16 рет шабуылға көтерілді. Украин әскерилері олардың бәрін қайтарып, 8 танкіні, 17 жауынгерлік бронды техниканы, 4 арнайы жабдықталған машина мен 6 жай машинаны жойып жіберді.
Журналист Роман Цымбалюк өзінің Facebook-тегі парақшасында Мурманск облысының Печенга қаласындағы 08275 әскери бөлімнен келген 200 адамдық жеке мотоатқыштар бригадасы жеке құрамының түгел жер жастандырылғанын жазды.
Еске сала кетейік, Украина Қарулы күштері Бас штабының 19 мамыр күнгі мәліметі бойынша, Ресей соғыста 28,5 мың әскериінен айырылған. Бұдан басқа, РФ-ның 3 мың бронды машинасы, 1254 танкі және 203 ұшағы жойылған.