Елордада кішкентай қызды құтқарған азаматқа сый-сияпат жасалды
АСТАНА. 11 мамыр. Бүгін елордада тұрғын үйдің сегізінші қабатында асылып тұрған кішкентай қызды ажал тырнағынан құтқарып қалған азаматқа лайықты сый көрсетіліп жатыр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Қысталаң сәтте ойланбастан осындай көзсіз ерлікке барған 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев отбасын асырау үшін жұмыс іздеп, жақында ғана Қызылордадан Астанаға келген екен. Ол Сыр елінің Жалағаш ауданындағы «Аққұм» ауылының тумасы болып шықты.
Осы оқиғаға байланысты Төтенше жағдай министрлігі ерлік егесін сол бойда өзінің марапатымен наградтады.
«Бүгін ТЖМ-де бірінші вице-министр генерал-лейтенант Ибрагим Күлшімбаев батыр-азамат Сәбит Шонтақбаевты «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапаттады», – делінген министрлік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Оқиғаның өзі күннің бірінші жартысында орын алған.
«11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 бойында 8-қабат деңгейінде бала ілініп тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына жеке құрамның жеті адамы және екі бірлік техникасы бар бөлімшелер жедел жіберілді. Келген сәтте 8-қабаттағы балконның карнизіне ілінген баланы бір ер адамның құтқарғаны анықталды», – деп нақтылады ведомстводан.
ТЖМ мәліметінше, 2019 жылы туған қыз құлаған кезде ата-анасымен үйде болған, сол сәтте баланың жанында ешкім болмаған.
«Бақытымызға орай, біздің кейіпкеріміз 1985 жылы туған Сәбит Шонтақбаев жылап тұрған баланы көріп, ойланбастан және өз өмірін қатерге тігіп, құтқару бойынша іс-әрекет жасады және санаулы секундтарда кішкентай қыздың өмірін сақтап қалды», – деп атап өтті министрлік.
Астанадағы «G-park» құрылыс компаниясы мен Ғабит Сәтмағамбетовтің «SG fund» қайырымдылық қоры осы ерлігі мен азаматтығы үшін Сәбит Шонтақбаевқа «Рио де Жанейро» шағын ауданынан үш бөлмелі пәтер сыйлау жөнінде ортақ шешім қабылдады.
Ал Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов ерлік егесі Сәбит Шонтақбаевтың несиесін жауып тастауға көмек берілетінін баяндады.
«Біз бүгін өз өмірін қатерге тіге отырып, 8-қабаттың терезесінен үш жасар бүлдіршінді құтқарып қалған Сәбит Шонтақбаевтың ерлікке пара-пар қадамына куә болдық», деп жазды әкім әлеуметтіке желідегі парақшасында.
Қала басшысы елордаға биылғы мамыр айының басында Қызылордадан келген Сәбитке қиын сәтте көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін алғыс айтатынын білдіре келіп, өз тарапынан оның отбасына тиісті көмек көрсеткелі жатқандарын жеткізді.
«Білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Локомотив зауытының («Локомотив құрастыру зауыты» АҚ) директорымен Сәбитті жұмысқа орналастыру туралы келістім. Бұрын ол осы сала бойынша ҚТЖ-да жұмыс істеген, мамандығы – вагон шаруашылығы. Бұл салада тәжірибесі бар», – деп атап өтті мэр.
Сонымен қатар әкім оған бүкіл отбасын елордаға көшіріп әкелуді ұсынғанын да айтты.
Сәбит жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз өсіріп отыр. Әйелінің жұмысқа тұруына, балаларының мектеп пен балабақшаға орналасуларына көмек көрсетіледі. Осылайша ресми түрде жұмыс істей отырып, қызметтік тұрғын үйге үміткер бола алады, сондай-ақ өзге де тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алады.
«Демеушілер есебінен отбасының несиесін өтеуіне жәрдемдесеміз, ал жазғы уақытта балаларына Бурабайға жолдама береміз. Қала тұрғындарын сақтық шараларын толықтай сақтауға, балаларын қараусыз және үй терезесін ашық қалдырмауға шақырамын», – деп жазды елорда әкімі.
Сәбит Шонтақбаевтың өзі болған оқиғаны бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне айтып берді.
«Мен Қызылордадан жұмыс істеуге келгенмін. Құрылыста әртүрлі жұмыстар атқарамын. Балаларымды асырап бағуым керек. Олар Қызылордада тұрады. Мен осында пәтер жалдап тұрып жатырмын», – деді ол.
Жұмысқа асығып бара жатып, есік алдында 8-қабатта терезеге асылып тұрған кішкентай қызды көріп қалғанын айтты.
«Мен терезенің жақтауынан ұстап, асылып тұрған қыз баланы көрдім. Басыма келген жалғыз ой оны қалайда құтқару болды. Сол сәтте өзімнің жайымды ойлай да алмадым», – деді ол.
Сәбит ептілігі мен дене бітімі әскери мансабына байланысты екенімен түсіндірді. Бұған дейін ол шекарашы болып қызмет атқарған екен.
«Әйелім видеоны көріп, «жарайсың» деді. Қыздың ата-анасын көргенім жоқ. Жұмысқа асығып бара жатқанмын, оны құтқарып, 7-қабаттағы көршісіне тапсырып кеттім», – дегенді қосты ол сосын.
Ең соңында мұның бәрі оқыс оқиға мен жасалған ерлік жайынан әлеуметтік желі арқылы хабар алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың оған бірден зор мән бергенінің арқасында мүмкін болғанын да еске сала кетейік.