Шораев қазақтарды қорқытқысы келген армянға жауап берді (видео)
АСТАНА. 28 сәуір. Қазақстандық белгілі қоғам қайраткері Арман Шораев қазақтарға қыр көрсетіп, қорқытқысы келген тегі армян ресейлік Тигран Кеосянға қатқыл жауап қайтарды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Мұның алдында ресейлік аталмыш режиссер, журналист биылғы жылы Жеңіс күнін атап өтуден бас тартып отырғаны үшін Қазақстанға шүйлігіп, соның ішінде қазақтарды қорлайтын біраз ауыр сөздер айтып еді. Ол мұны «Абайлаңдар, ана Украинаға қараңдар» деп бастап, Ресей армиясының кез келген уақытта Қазақстанға басып кіре алатынын ешбір астарсыз, ашықтан-ашық білдірген болатын.
«Тигран, қазақ халқын қорлаудан бұрын сен оның зардаптары жайлы ойланып көруге тиіс едің. Мәселен, Қазақстанда өзіңнің ондаған мың қандастарың – армян диаспорасының бұрыннан тұратыны туралы, олардың өздерінің және балаларының болашақтарын Армениямен, әсіресе Ресеймен емес, біздің елімізбен байланыстыратыны, сенің оларды өте қолайсыз жағдайда қалдырғаның туралы», – деді Арман Шораев.
«Біздің Жеңіс күнін атап өтпейтініміз бен парадтан бас тартқанымызға келсек, мен шын мәнінде барлық қазақтардың, 100 пайыздық мөлшерде, Украинаның Ресейді жеңуін күтіп отырғанын айтар едім. Міне, біз сол күнді көзімізге жас алып, қуана атап өтеміз», – деді ол бұдан ары.
«Менің саған тағы мынаны айтқым келеді… Сен қазір Мәскеуде ақылдысынып отырсың. Ал сен 41-ші жылдың күзінде, сосын қысында бұл Мәскеуді біздің аталарымыз – қазақтар мен қырғыздардың сақтап қалғанын ұмытпа! Бұл соғысқа миллионнан астам қазақ кетіп, олардың жартысы қайтып оралмады, себебі, өздерінің өмірлерін аяған жоқ… Егер олар – біздің даңқты аталарымыз болмаса, Гитлер Жеңіс парадын Мәскеуде өткізген болар еді, мен бұған сенімдімін. Онда сенің қазір алыстағы бір қышлақта ма, әлде әлдеқандай бір армян қонысында ма, – қайда ақылдысынып отыратының белгісіз. Былай ғой, Тигран, бұдан бір жарым жыл бұрын жасампаз Әзербайжан армиясы Қарабақты өзіне қайтарып алды. Сен сондай батыл болсаң, қасыңа Маргоны (әйелі Маргарита Симоньян – ред.) алып, қолыңа автомат алып, өзің секілді тегі армян Ресейдің псевдо азаматтарын алып, Қарабаққа бар, әзербайжандардан тым болмаса бір ауылды қайтарып алып көр. Сосын бізге тұмсығыңды тық, сонда біз қазақтардың қандай екенін, өзіміздің қайтып соғысатынымызды көрсетеміз. Украинаның даңқы арта берсін! Біз жеңіс күтеміз», – деді Арман Шораев соңында.