АҚШ Мемхатшысы мен Қорғаныс министрі Киевке келіп қайтты
КИЕВ. 25 сәуір. Кеше, 24 сәуір күні АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Қорғаныс министрі Ллойд Остин Киевке астыртын келіп кетті. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
Мәртебелі меймандардың сапары постфактум белгілі болды. Олардың жеке бастарының қауіпсіздігі үшін бұл визит барынша құпия ұсталған сияқты.
АҚШ билігінің жоғары лауазымды өкілдері Киевте Украина президенті Владимир Зеленскиймен жасырын жағдайда, оңаша кездесіп, өзара келіссөз жүргізді.
«Украинская правданың» хабарлауынша, келіссөз украин жағын қуантатындай нәтижелер әкелген. Басылым «кездесу өте жемісті болды» деп атап көрсетті.
Киевке Блинкен мен Остиннің келіп, Зеленскиймен кездескенін АҚШ Мемлекеттік департаменті олар Украина территориясынан кетіп қалғаннан кейін ғана растады.
Би-би-си радиосының хабарлауынша, бұл АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің Украинаға Ресей басқыншылығы басталғаннан кейін бірінші рет келуі болып отыр.
Мәлім болғанындай, Құрама Штаттар Украинаға қосымша тағы $ 713 миллион сомасы көлемінде әскери көмек беретін болып уәде еткен.
Блинкеннің мәлімдеуінше, Джо Байден дүйсенбі күні АҚШ-тың Украинадағы жаңа елшісін тағайындайды. Бұл орынға АҚШ-тың Словакиядағы елшісі Бриджет Бринк келеді деп күтіліп отыр.
АҚШ Қорғаныс министрі Ллойд Остин Киевтен кейін Германияға бет алды. Ол мұнда Украинаға көмек беру жайын талқылау үшін 20 елдің өкілдерімен кездеседі.
Владимир Зеленский өзінің телеграм-каналында теңдессіз көмектері үшін АҚШ билігіне зор алғыс сезімін білдірді. Ол Киевте жақын арада Украинаға көрсетілетін әскери және қаржылай көмек, елдің қауіпсіздігінің кепілі, РФ-ға қарсы санкцияны бұдан әрі күшейте түсу мәселелері талқыланғанын атап өтті.
Осы аралықта Кремль Ақ үйге қарай кезекті нотасын жолдап, Құрама Штаттардан Украинаға қару-жарақ бермеуді талап етті. Күлкілі, әрине.
Суретте: Ллойд Остин, Владимир Зеленский, Энтони Блинкен. Киев, 24 сәуір.