Украина әскерлері Донбаста жаудың 50 техникасын жойды
КИЕВ. 23 сәуір. Кеше, 22 сәуірдегі тәулікте Украина біріккен күштері әскери топтары оккупанттардың 50-ге жуық техникасын істен шығарды. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Тәулік ішінде Ресей басқыншылары 8 рет шабуыл жасап, бәрінде де тойтарыс алды.
Британия барлауы ахуалды спутниктен бақылай отырып, сөткеде Ресей армиясының пәлендей табысқа жете алмағанын баяндады.
Украин қорғаушылары 9 танкты, 3 артиллерия жүйесін, 18 бронды техниканы, 1 жауынгерлік бронды машинаны, 13 автомобильді және 1 жанар-жағар май тасушыны жойып жіберді.
Әуе қорғанысы бөлімшелері Донбасс аспанынан «Орлан-10» типті 4 пилотсыз ұшатын аппаратты атып түсірді.
Басқыншылар Донецк бағытының өне бойында ұрыс салып бақты. Мұның алдында Буча қаласында ойран салған 64-ші жеке мотоатқыштар бригадасының қалған қалдықтары Харьков түбіндегі Изюм ауданына шабуылға қатысып жатыр. Украина Қарулы күштері Бас штабының хабарлауынша, бұрнағы күні біраз сарбазынан айырылған бұл бригада кеше де айтарлықтай шығынға ұшыраған.
«Жау Слобода және Донецк бағыттарында мейлінше көбірек қатер төндіріп тұр. Оккупанттар күштерін осы бағыттарға төгуде. Агрессор әскери және азаматтық инфрақұрылымдар нысандары бойынша атқылауды тоқтатар емес», – делінген штаб хабарламасында.
Бұлардан бөлек, Таврия және Оңтүстік Буг бағытында да ұрыс қимылдары жүріп жатыр. Жау Николаев қаласына қарай жылжу үшін Украина Қарулы күштері позицияларын атқылауда.
Мариуполь бағытында қарсылас жақ «Азовсталь» зауыты ауданын қоршауға алып, қаланы ұшақпен бомбылауды жалғастыруда.
Запорожье бағытында да соғыс жүруде. Мұнда қайта жасақталған «Вагнер» жеке әскери компаниясы келді.
Қара теңіз бен Азов операциялық аудандарында жаудың корабльдік топтары жинақталды.