Зеленский: Путин келісімге келмесе, Үшінші дүниежүзілік соғыс басталады
КИЕВ. 21 наурыз. Украина президенті Путинмен арадағы келіссөзі ешқандай нәтиже бермесе, мұның соңы Үшінші дүниежүзілік соғысқа апаратынын мәлімдеді. Бұл туралы «Европейская правда» хабарлады.
Владимир Зеленский Американың CNN телеарнасына берген сұхбатында келіссөзде екі жақ бітімге келе алмаса, бұл соғыстың әзір аяқталмайтынын жеткізді.
Телеарна тілшісі Фарид Закария украин мемлекетінің басшысына Путиннің алға қойып отырған талаптарының бірі – Қырымның Ресейдікі екені мен Донбасс аумағындағы екі псевдореспубликаның «тәуелсіздігін» мойындау жайына қалай қарайтыны жөнінде сауал қойды.
Бұған жауап ретінде Зеленский Украинаның тұтастығына нұқсан келтіретін қандай бір талаппен де келісе алмайтынын айтты.
«Еліміздің территориялық тұтастығы мен біздің егемендігімізге нұқсан келтіретін талаптың бірде-біріне мәміленің болуы мүмкін емес, мұны украин халқы айтып отыр. Олар Ресей солдаттарын гүл шоғырларымен емес, қолдарына қару ұстап, қаһармандықпен қарсы алды», – деді ол.
Зеленский Ресейдің басқа елдің азаматтарын күштеп өзіне қарата алмайды, сондай-ақ ол «күштің көмегімен өзге елдің президентін әлденені мойындауға мәжбүр ете алмайды» дегенді де атап көрсетті.
Украина президенті өзінің Путинмен бетпе-бет отырып келіссөз жүргізуге дайын екенін де айтты. Бірақ келіссөзді сәтсіздікке ұшыратуға бағытталған кез келген әрекеттің соңы екі елдің арасында жүріп жатқан бұл соғыстың «Үшінші дүниежүзілік соғысқа» алып баратынын ескертіп өтті.
«Мен онымен келіссөз жүргізуге дайынмын. Бұған соңғы екі жыл бойына әзір болдым. Біз келіссөзсіз соғысты тоқтата алмаймыз деп ойлаймын», – деді Зеленский.
Украина президенті соған қоса, қазір жүріп жатқан еш нәтижесіз келіссөздерді Путиннің әдейі уақытты созып, майдан даласына өзі іштен тың күштер әкеліп алу мен дислокация жасап алу үшін ғана пайдаланып отыр деген күдік барын да ашып айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірнеше рет белорус жерінде болып өткен екі мемлекет делегациясының келіссөздерінде айтарлықтай ілгері жылжушылық болған жоқ, бәрі әзірге тек көңіл жұбату деңгейінде тұр.