Ресеймен келіссөз жүргізуде Украина басымдық ала бастады
КИЕВ. 16 наурыз. Ресей Федерациясымен бейбіт қарым-қатынас жөнінде келіссөз жүргізуде Украина тарапы біршама басым позицияға ие болып отыр. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
Бұқаралық ақпарат құралдары Украина мен Ресейдің 15 тармақтан тұратын бейбіт келісімі раундтарындағы ахуалдың сипаттарын талдай келіп, таразы басының украин тарапына ауа бастағанын атап өтуде. Бұл тармақтардың ең бастылары Киев үшін НАТО-ға кіру талабынан бас тартуы болса, Мәскеу үшін Ресей әскерлері 24 ақпанда басып кіргеннен бері жаулап алған барлық территориясын босатуы болып отыр.
Financial Times басылымының үш түрлі мәнбеге сүйеніп хабарлауынша, дүйсенбі күні ресейлік және украиналық бітімгерлер Киев өзінің Солтүстік альянсқа кіру амбициясынан бас тартса және өз жеріне шетелдің әскери базалары мен қару-жарақтарын орналастырмауға уәде берсе, бұған айырбас ретінде АҚШ, Ұлыбритания және Түркия сияқты одақтастарының қорғауында болуы тиіс екені айтылды.
Басылым сондай-ақ Украина қауіпсіздігіне батыстың кепіл болуы сипаты және олармен жақын болуы Мәскеудің келісімге келуінің үлкен кедергісі болуы мүмкін екенін баяндайды. Бұған қоса, Ресей мен оның марионеткаларының 2014 жылы басып алған территорияларын қайтару жөніндегі бап та Кремльдің келісімге қол қоюна мүмкіндік бермеуі ықтимал.
Мәскеу мен Киев сәрсенбі күні келісім шарттары бойынша ілгері жылжуға қол жетті деп мәлімдегендерімен, украин шенеуніктері Владимир Путиннің бейбіт келісімге келе қоятынына үлкен күмән келтіреді. Олар шабуылды қайта жандандыруға тың күш жинап алу мен олардың дислокациясын жасау үшін уақыттан ұтуды ғана көздеп отыр деп қауіптенеді.
Осы ретте Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк өздері үшін кез келген келісімде Ресей Федерациясының 24 ақпаннан бері басып алған территорияларын толық босатып шығуы тиіс деген тармақтың тұратынын қадап айтты.
Ал бүгін Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ Конгресінде сөйлеген сөзінде Құрама Штаттарға 24 сағаттың ішінде сұраныс болған жерлерге барлық қажетті көмекті шұғыл көрсете алатын «U-24. United for peace» деген жаңа одақ құруды ұсынды. Ол сонымен бірге Украинаны әуе шабуылынан қорғайтын қару беруге өтініш жасады.
Осыдан кейін АҚШ пен НАТО Украинаға әуе шабуылына қарсы жүйе жіберуге шешім қабылдады.
АҚШ президенті Джо Байден бүгін Украинаның Ресей басқыншыларынан табысты қорғана білуі үшін 1 млрд доллардың көлеміндегі әуе шабуылына қарсы қару-жарақ түрлерін жеделдете жіберетіндерін баяндады.