Қазақстанда үш облыс қайтадан ашылатын болды
АСТАНА. 16 наурыз. Қазақстанда бұдан 25 жыл бұрын жабылып қалған үш облыс жаңаша атаулармен қайта ашылатын болып жатыр. Бұл туралы rast,kz хабарлады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бүгін қос Парламенттің біріккен отырысында сөйлеген сөзінде, республикада таяу арада қолға алынатын реформалар жайында айта келіп, бұдан ширек ғасыр алдын жабылып қалған үш облыстың қайта ашылатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысының құрамынан бұрынғы Семей облысы бөлініп шығып, «Абай облысы», Қарағанды облысының құрамынан бұрынғы Жезқазған облысы бөлініп шығып, «Ұлытау облысы», Алматы облысының құрамынан бұрынғы Талдықорған облысы бөлініп шығып, «Жетісу облысы» деген атаулар алатын болды. Ал Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласына көшіріледі.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылық тарапынан ұсыныс болып жатса, Қапшағай қаласы Советтік Қазақстанды ұзақ жылдар басқарған ұлы тұлға – Дінмұхаммед Қонаевтың есімімен аталуына қарсы емес екенін білдірді.
«Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған», – деді Тоқаев.
Президент Жезқазған өңіріне келгенде «бұл аймақта дербес облыс құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім» болатынын атап өтті. Ал Алматы облысының әкімшілік-территориялық аумағын өзгерту хақында: «Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын. Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады» дегенді айтты.
Мемлекет басшысы елдегі реформаларды жалғастыруға байланысты жасалғалы жатқан көптеген іргелі істерді атап өтті.