Сыр бойында конституциялық реформалардың жайы талқыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. 2 ақпан. Қызылордада облыстық мәслихат төрағасы конституциялық реформаларды талқылауға арналған тағы бір кездесу ұйымдастырылды. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетовтің жетекшілігімен өткен кездесуге Қазақстанның Еңбек ері, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Имамзада Шағыртаев, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, бизнес-қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы алдымен еліміздің келешегі, демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекет ретінде орнығуы ең алдымен Ата Заңның мазмұны мен маңызына тікелей байланысты екенін атап өтіп, бірқатар маңызды өзгерістерге тоқталды.
«2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Осы комиссия құрамында Сыр өңірінен облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың болуы – аймаққа деген сенімнің, атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың және оның нәтижесінің жоғары бағалануының айқын көрінісі. Сонымен қатар, комиссия құрамына Қазақстанның Еңбек ері Шағыртаев Имамзада Қуанышбайұлы және облыстық мәслихат төрағасы ретінде мен де қосылдым.
Бұл өзгерістер өз кезегінде халық пен билік арасындағы байланысты нығайтып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Жаңа Конституция – бұл жай ғана заң емес. Бұл – әділетті қоғамға, ашық мемлекетке бастайтын жол», – деді ол.
Жалпы алғанда, ұлттық құндылықтар мен елдің идеялық бағдарын Конституцияның кіріспесінде бекіту, адамның ең жоғары құндылық ретіндегі мәртебесін нақтылау, және неке мен отбасы институтының Ата Заң деңгейінде қорғалатыны қуантады.
«Бұл конституциялық реформа Қазақстанның тұрақты дамуына, құқық үстемдігіне және әділетті қоғам құруға берік негіз қалайды», – деді сосын Мұрат Тілеумбетов.
Жиында сөз алған Қазақстанның Еңбек ері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Имамзада Шағыртаев, Қызылорда облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев конституциялық реформалардың маңыздылығын атап өтіп, олардың қоғам өміріне оң ықпалын тигізетінін, азаматтар құқықтарының күшейетінін және мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ететінін білдірді.
Жиын соңында облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеумбетов жаңа Конституцияның елдің бірлігі мен тұрақтылығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталғанын атап өтіп, аталған реформаларға қолдау білдіру – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін жеткізді.







