Семья мүшелері «әкелерінен қалған» мүліктерді сатқалы жатыр
АСТАНА. 22 ақпан. Семья мүшелерінің «әкелерінен қалған» дүние-мүліктерді сатуға кірісіп кеткелі жатқаны шындыққа айнала бастаған сияқты. Бұл туралы Orda.kz хабарлады.
Бұрнағы күні сол отбасының бір мүшесі – Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевтың «Қазақстан темір жолындағы» өз акцияларын сататыны туралы қауесет тараған еді.
Енді бүгін Дариға Назарбаеваның КТК телеарнасын сатуға шығаратыны жайлы ақпар эфирде желдей есіп тұр. Оны «БЕС симптомно» telegram-арнасы жеткізді.
Ақпанның 28-і күні Алматыда «Коммерциялық телеарна» АҚ акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы өтпекші. Оның күн тәртібінде «КТК» АҚ жарияланған акцияларының санын ұлғайту, «КТК» АҚ жарияланған акцияларын шығару ісіне өзгерістер енгізу және өзгерістерді уәкілетті органда тіркеу мәселелер қаралады.
Егер бұл жолы жиын өтпей қалса, 1 наурызда қайта шақырылады.
«КТК» АҚ жәй акцияларының санын көбейтіп, сол арқылы негізгі акционерлердің бірінің үлесін сейілтуі ықтимал. Яғни, осылайша КТК телеарнасының меншік иесінің ауысуы әбден мүмкін», – делінген хабарламада.
«КТК» АҚ-ның негізгі акционері – 91,35% акциясы бар Дариға Назарбаева басқаратын «Нұрсұлтан Назарбаев» жеке қоры.
Бұған дейін хабарлағандай, Дариға Назарбаеваның 18 ақпанда Алматыдағы КТК телеарнасына барғаны туралы ақпарат болған, бірақ арнаның өзі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Одан кейін, Сергей Киселев «Еуразия» арнасынан кетіп, «Хабар» мен КТК иелері де ауысады деген ақпарат шықты.