Тоқаев Украинадағы жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді
АСТАНА. 22 ақпан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Украинадағы жағдайға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Бұл туралы «Экспресс К» хабарлады.
Жиында Украинадағы жағдайларға байланысты Қазақстанның одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қарастырылды.
Президент Премьер-министр Әлихан Смайыловтың, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың, Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың және басқа да ведомство басшыларының баяндамаларын тыңдады.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-саяси және санкциялық текетірестердің нәтижесінде ушығуы мүмкін халықаралық ахуалға қатысты шұғыл әрекет ету үшін дағдарысқа қарсы жедел шаралар жоспарын қабылдау қажет екенін айтты.
Мемлекет басшысы ықтимал экономикалық қауіп пен өзге де қатерлердің алдын алу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.