Доллар жеген диктатор
1979 жылы Африкадағы бір мемлекетте әскери төңкеріс боп, оның президенті ит тұмсығы батпайтын джунглиге қашып кеткен. Ол жәй кетпей, өзімен бірге мемлекеттің бар байлығы – бірнеше шабадан долларды ала кеткен көрінеді. Жолай барлық ақшаны өртеп, ыңқиған екі шабаданмен қашқан диктатор 14 күннен кейін қолға түседі. Екі апта орманда бой тасалап жүргенде, ол екі шабадан ақшаны жеп қойған екен.
Франсиско Нгема Ндонге Масиас 1968 жылы билікке келіп, 11 жыл (сол кездегі Испания Гвинеясы) Экватор Гвинеясын билеген. Сол бір мүшелге жетпейтін уақыт аралығында ол экономикасы жолға қойылып, халқын жап-жақсы асырап отырған мемлекетті тозаққа айналдырған.
Әкесі мен жақын ағасы қалалық әкімшілікте кішкене шенеунік болса да, Нгема әліпті таяқ деп білмейтін нағыз сауатсыз болған. Бірнеше рет шенеунік болуға ұмтылып жүріп, ақырында испан үкіметінің көмегімен ол 36 жасында Монгомо қаласының мэрі боп тағайындалады. 1961 жылы Испания Гвинеясы Ассамблеясына мүше болады да, араға уақыт салып, 1968 жылы ассамблея басшылығына отырады. Сосын Гвинея республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялайды, Нгема ауыспалы үкіметке басшылық етіп, елде президент сайлауын өткізуі керек болады. Алайда, ол тағы да өзіне зор үміт артқан испан билігінің көмегімен мемлекеттік билікті басып қалады.
1969 жылдың ақпанында Нгема елдегі испандықтарды қуып шыққанын қуып шығып, кетпегендерін қырып салады да, өзін мәңгілік президент деп жариялап, ел билігін туыстарына үлестіріп береді. Конституцияны өз қалауынша өзгертіп алған ол бірнеше мемлекеттік маңызды қызметтерді бір өзі басқарып, елге өзін ұлттың әкесі, көсем, құтқарушы, ұстаз, қамқоршы, т.б. мәртебелі есіммен атауға мәжбүрлейді.
Оның кезінде әскер мен полиция қызметі жақсы қаржыландырылып, олар президентке жақпаған адамдарды үйінен сүйреп шығып, көшеде ел көзінше атып тастайтын еді. Нгема билігінің соңына қарай ел халқы 300 мыңнан 100 мыңға дейін (66%) азайып, экономика мүлдем тұралайды, мемлекет тек шетелдік несиемен күн көріп отырған.
Нгеманың шеттен несие тартқаны да «ерекше» болған. Оның жендеттері шетелдіктерді кепілге алып, өзге елдің азаматтарын мемлекеттеріне қымбатқа сатқан көрінеді. 1976 жылы Экваторлық Гвинеяның Бас банкісін қысқартып, «мемлекет қазынасын тек президент қана сақтай алады!» деген бұйрықпен, бар байлықты Нгема өз үйіне жинап алады. Ал, банк директорын ел алдында атып тастаған.
Мемлекеттің бар байлығы – 7 шабадан шетел валютасы мен құнды қағаздарды өз төсегінің астында сақтаған президент, 1974 жылы университет бітірген гвинеялықтарды «халық жауы» деп жариялап, елдегі кітапханалар мен мектептерді жабуға, мұғалімдерді қудалауға бұйрық шығарады. Газет пен кітап баспасы қатаң түрде тоқтатылған.
Көп ұзамай, «интеллектуал», «білімдар» деген сөздерді айту, қолдануға да тыйым салынып, елдегі католик дінінің қызметкерлерін бір аптада басқа мемлекетке көшіп үлгеруіне сауға жасайды. Өзі қалағанынша қатын алып, көңіл күйіне қарай, қалаған қатынының туыстарын өлтіріп отырған.
1977 жылы Нгема ел астанасы Малабоны тастап, қала сыртындағы жекежайда өмір сүруге кіріседі. Осы кезде оның бойынан психикалық ауытқу белгілері байқала бастаған. Алайда, сол кезде оның дертін анықтап, ем-дом жасайтын елде бірде бір дәрігер қалмаған еді. Отбасы мүшелері шақыртқан камерундық дәрігердің өзін президентті тексеріп, шыға салысымен атып тастаған.
Бұл кезде мемлекет әбден тұралаған еді. Азық-түлік пен электр энергиясы бітіп, тек күндіз – күн, түнде – айдың жарығымен ғана отырған-ды. 1979-дың қаңтарынан бастап әскерилер де айлықсыз қалған. Әбден патшаның бұйрығын қалтқысыз орындап, қолынан дәм жеп үйренген әскерилер жарты жылдық жалақысын сұрамақ болып 12 адамдық делегациямен президент жекежайына барған, ал Нгема оларды сол жерде бірін қалдырмай атып тастаған.
Гвинея жұрты адам сенгісіз жағдайда өмір сүріп, күннен күнге халық саны кеміп бара жатты. Халық санағын жүргізетін демограф мамандар атылып, мемлекеттік статистика бюросының басшысы ел алдында басы шабылды. Бүгін тағайындалған министр ертесіне ел алдында жазаланып, өмірімен қоштасып жатты.
Сыртқы істер министрі Ндонго Мийонені үкімет адамдарының көзінше мылтықтың дүмімен ұрып өлтірді. Мектептерді жабуға қарсылық танытқан Білім министрі Тату Масалені бауыздап, басын ел алдына бірнеше күн шығарып қойды. Ауылшаруашылық министрі Итула Нзена-Моко із-түзсіз жоғалып кетті.
Нгема Ндонганың мемлекет басқаруда өзіндік «көзқарасы мен ұстанымы» бар еді. Оның кезінде министрліктер үнемі қысқартылып отырды. Кейде өзі атып тастаған министрдің орнына ешкімді тағайындамайтын, Нгема өзі министр бола салатын. 70-жылдардың басында ол – Қарулы күштерді, Арнайы қауіпсіздік қызметін, Әлеуметтік құрылыс министрлігін бір өзі басқарып тұрды. Сондай-ақ, ел астанасы Малабоның мэрі әрі парламенттегі 60 орынның 20-сына бір өзі ие еді.
Конституция Ндонгқа шексіз билікті берген еді. Президенттің әрбір сөзі заң ретінде орындалып жатты. Министрлерді жазалағанды азырқанған ол енді ауыл мұғалімдерін де тікелей өзі жазалап, қуғынға түсіретін болды. Оның қамауға алуында шектеулі уақыт жоқ еді, түрмедегі адам есіне түссе – не жазалайды, не әлі де отыра берсін деп айтады. Өйткені, елдегі Жоғарғы халық сотының төрағасы да өзі еді.
Шексіз билікке тоймаған диктатор, тіпті, елдегі азық-түлік бағасын да тікелей өзі бекітетін. Кез-келген тауар күнара, сағат санап бағасы өзгере беретін.
Ндонгтың кезінде тыйым салу мен шектеулер тым көп болды. Кітапханалар, мәдениет ошақтары, мектептерді жабумен қатар, ол қара халыққа көзәйнек киюге де тыйым салды. 1975 жылға дейін жұмыс істеп тұрған мемлекеттік екі басылымды да өзі жауып, ең ақырында елге электр энергиясын тұтынуға да қатаң тыйым салды.
«Мүлдем жарықсыз қалған мемлекетте небәрі оншақты-ақ оқыған адам қалды» дейді сол кездің деректері. Президент жекежайында түнде жарық генератормен берілетін, ал, мемлекет – қара түнекте күн кешті.
Шіркеулерде Иса ғ.с. суреттері мен айқыштар алынып тасталып, орнына Ндонганың сом суреті ілінуші еді. Оны айтасыз, дінбасылардың міндетті діни жоралғылары «Нгема Ндонга Масиасадан басқа құдай жоқ», «Экваторлық Гвинеяны Құдай Масиасудың құдыретімен жаратты» деген сөздермен басталушы еді. Бұл жағдай 1975 жылға дейін жалғасады да, одан кейін президент «Мен тұрғанда, бұл елге – дін де, Құдай да керегі жоқ!» деп, тоқтатып тастайды.
Шіркеулер қару-жарақ қоймасына айналды. Діндарлар елден қуылды. Бұған наразы болған Ватиканды Нгема Ндонга «террактіден көз аштырмай, жарып жіберем!» деп қорқытты. Ндонг президент өзі секілді диктаторлар билік құрып тұрған елдермен жылы байланыста болды. Сол елдерге ресми сапарға шығарында, «мен келгенше үрейде болсын» деп бірнеше министрлер мен белді шенеуніктерді ел алдында аттырушы еді.
Ндонг оңашада өз-өзімен сөйлесіп, көзге көрінбейтін біреулермен ұрыса бастайтын болды. Оның көзіне бір кездері өзі өлтірткен министрлер көріне бастаған. Бұндай рухани дағдарысты байқаса да, оның жеке күзеті тек жақсы жалақы алып отырғаны үшін үндемеген екен.
1979 жылы Ұлттық гвардияның 12 офицерін жазықсыз атып тастағаннан кейін Ндонгоның немере інісі Ұлттық гвардия қолбасшысы Обианг Нгема әскери төңкеріс ұйымдастырады. Президентті сол кезде жеке күзеті де қорғамаған, ел астанасынан әскери топ келе жатыр деген хабарды ести сала президенттік күзет өз басшысын қорғаудан бас тартып, қаруларын қоймаға өткізген.
Жан ұшырып, жалғыз өзі қос шабаданмен джунглиге қашқан диктатор ақырында аштықтан ақша жеген, шамамен, 2,5 миллион долларды тышқандай кемірген.
14 күннен кейін қолға түскен диктатордың үстінен жедел қылмыстық іс қозғалады. Оны 80 мыңға жуық кісі өліміне қатысы бар деп кінәлап, 500 адамды тікелей өзі өлтірді деген айып тағылған. Айналасы бірнеше күнде Нгема атылады.
Бір таң қаларлығы, Экваторлық Гвинеяның жауынгерлері Нгема диктаторды атудан бас тартыпты. Неге десеңіз, әбден езіліп, жаншылған гвинеялықтар оны «мәңгі өлмес сиқыршы патша кейін келіп кек алуы мүмкін» деп шын сенген екен. Амал жоқ, қасиетсіз қанішерді ату үшін Мароккодан арнайы жауынгерлер алдырған…
Қанат ЕСКЕНДІР