Ташкент – Алматы пойызының билеті арзандайды
Өзбекстан мен Қазақстан Ташкент пен Алматы қалалары арасында қатынап тұрған жүрдек пойызы билеттерін арзандатуға келісім жасасып отыр. Бұл туралы Ca-News хабарлады.
«Ўзбекистон темир йуллари» және «Қазақстан темір жолы» таяу уақыттарда «Ташкент – Алматы – Ташкент» бағытында қатынайтын «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы билетінің құнын төмендету жөнінде бір шешімге келді.
Өзбекстан БАҚ-тары хабарлағандай, биылғы жылдың 1 тамызынан бастап жолаушылар мейлінше арзан бағаға жол жүру құжатын сатып алатын болады. Мәселен, жолаушы билетті жол жүруден 5 күн бұрын сатып алса, онда – 25 пайыздық жеңілдік алады. Ал отырып баратын типтегі вагондар билеті 15 пайызға кемітіледі. Сол сияқты комиссиялық жиынның ақшасы 53 пайыздық жеңілдікпен алынады.
«Ўзбекистон темир йуллари» баспасөз қызметі компариялардың таяу арада сондай-ақ «Тұлпар-Тальго» пойызы билеті құнының қосымша қысқартылуы жайын талқылайтынын мәлімдеді.
Халықаралық «Тұлпар-Тальго» жолаушылар жүрдек пойызы 2017 жылдың наурыз айының соңында сапарға жіберілген болатын. Оны салтанатты жағдайда ашу рәсімі Алматы-2 вокзалында, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеёвтің Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында жасалған еді.