Бұдан былай заңдар Назарбаевтың келісімінсіз қабылданады
АСТАНА. 2 ақпан. Бүгін Парламенттің Мәжілісі Нұрсұлтан Назарбаевты мемлекет саяатын қалыптастыруға қатысатын барлық мүмкіндіктерден алып тастады. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Парламент Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевты еліміздің саясатын қалыптастыруға қатысудан шеттетті», – делінген хабарламада.
Мәжілістің жалпы отырысында сәрсенбі күні палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Конституциялық заң жобасына Сенат енгізген өзгерісті мақұлдады.
Өзгеріске сәйкес, мемлекеттік бастамаларды Назарбаевпен келісу қажеттілігі заң түрінде алынып тасталып отыр.
Енді «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы» заң жобаларына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюы керек.
Бұған дейін сенат мәжіліс қабылдаған заң жобасын мақұлдаған еді. Оған сәйкес Назарбаев Қазақстан Халқы ассамблеясы мен Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығынан айырылған болатын.