Нығматуллиннің қызметтен кету жайлы өтініш жазғаны айтылып жатыр
АСТАНА. 31 қаңтар. Бүгін жұрт арасына Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің қызметтен кету жөнінде өтініш жазғаны жайлы қауесет тарап жатыр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Ол мұнымен бірге депутаттық мандатын да тапсыруға арыз бергенге ұқсайды.
Әлеуметтік желіде мұның телеграмм-арнада баяндалғаны хақында бірнеше пост жазылды. Оларға үн қосып жатқан желі пайдаланушылардың басым бөлігі бұл шешімді құптаған пікір білдіруде.
Бірқатар мәнбелер деректеріне қарағанда, ертеңге Мәжілістің кезектен тыс отырысы белгіленген көрінеді. Әдетте мұндай отырыс сәрсенбі күні өтетін еді. Депутаттар блогы мұның неге байланысты екенін біле алмай, әрі-сәрі болуда. Дегенмен, әзірге бұл жайында ресми хабарлама болған жоқ.
Нұрлан Зайроллаұлы Нығматуллин 1962 жылы 31 тамызда Қарағанды қаласында туған. 2021 жылғы 15 қаңтарда Парламент Мәжілісінің спикері болып сайланған. Бұл қызметті бұдан бұрын 2016-2019 жылдары да атқарған.