Басты баған

ҚАНДЫ ҚАҢТАР БҮЛІКШІСІ

Нұрлан Нығматулин билікті басып алуды көздеген

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев Elmedia Ютуб-арнасына Қаңтар қырғынының артында тұрғандардың бірі Нұрлан Нығматулин екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, Қаңтар қырғыны кезінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мен ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов Президент Тоқаевқа келіп: «Ұшақ дайын, елден кетіңіз!» деп ұсыныс жасағанда, соны өз аузымен айтып жеткізген Мәсімов емес, Нығматулин!

Шабдарбаев бұл жайында Elmedia жобасының бас редакторы Гүлжан Ерғалиеваға берген сұхбатында айтты. Ал журналистің анықтау мақсатында: «Егер Тоқаев ұшаққа отырып ұшып кетсе, оның орнына кім келуі мүмкін еді?» деген сұрағына қайтарған жауабы мынаған саяды: Сенат төрағасы жас болғандықтан, бірден президенттің міндетін өз мойнына алудан бас тартады да, Мәжіліс төрағасына жол береді (Сенат төрағасы заң бойынша мемлекеттегі екінші, ал Мәжіліс төрағасы үшінші тұлға – Д).

Қаңтар қырғыны кезінде Сенат спикері қазіргі төраға Мәулен Әшімбаев болатын, ал Мәжілісті Нұрлан Нығматулин басқарып тұрған. Демек, Әшімбаев жасына қарай «үлкенге жол беріп», Нығматулин президент тағына қонжиып алуы мүмкін еді.

Кім біледі, бұл алдын ала осылай ойластырылған болуы да ықтимал. Өйткені, ол Нұрсұлтан Назарбаевқа, оның күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа өте жақын жүрген және сол кезде мемлекеттік билік иерархиясындағы үшінші адам болатын.

Нұрлан Нығматулин Мәжіліс төрағалығынан 2022 жылдың 1 ақпанында кетті. Ол төменгі палатаға 2016 жылдан бері төрағалық етіп келді. Оның алдында да, 2012–2014 жылдары Мәжіліс спикері болған. Сондай-ақ ол әр жылдары Президент әкімшілігіне жетекшілік етіп, Қарағанды облысының әкімі қызметін де атқарған болатын. Көптеген рейдерлік тартып алу, жалған қылмыстық істер құрастыру, бәскелестерін заңсыз қудалау және басқа да қылмыстар оның есімімен байланысты.

Бір сөзбен айтсақ, Нұрлан Нығматулин билікті күшпен басып алуды көздеген. Егер оның бұл арам ойы іске асқанда, ел билігіне талай адамның кәсібін тартып алып, жазықсыз жандарды қудалаған қанқор, нағыз қарақшы келуі мүмкін еді.

Абырой болғанда, Президентіміз қара ниетті күштер күтпеген батыл шешім қабылдап, мемлекеттімізге төнген қауіпке лайықты тойтарыс берілді.

«Дат» газеті,

19 қазан, 2023 жыл

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button