Алматыда «Қазтелеком» қызметшілері ереуілге шықты (видео)
АЛМАТЫ. 31 қаңтар. Алматыда «Қазтелеком» компаниясының қызметкерлері мен жұмысшылары ереуілге шықты. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Ереуілшілер бүгін жұмысты тастап, компанияның бас офисі жанына жиналды. Техникалық құрамның 100-ден астам қызметкері бүгін жұмыс орындарына бармады. Олар айлық жалақыны көтеруді талап етті.
«Қазіргі таңда компания басшылығы ереуілге қатысушылармен келіссөз жүргізіп жатыр. Осыған орай наразыларға заңның шеңберінде бастамашыл топ құру ұсынылды. Бұға қоса, кәсіподақтармен бірге компанияның ішкі құжаттары қаралатыны айтылды. Одан бөлек, компания тұрақты негізде айлық жалақы мөлшерін қарайтын болады. Мұнда техникалық қызметкерлерге басымдық беріледі. Сол сияқты «Қазтелеком» әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған бір реттік ақы төлеуді жүзеге асырады. Соның ішінде компанияның барлық қызметкерлеріне жалпы сомасы 1 миллиард теңге тұратын осындай жалақы төленді», – делінген компания баспасөз қызметінің хабарламасында.
Компания басшылығы қызметкерлердің жалақыларын 1 ақпаннан бастап көтеруге уәде берді. Жылдық сыйлықты төлеу наурыз айында жүзеге асатын болады.