АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Қызылорда полициясы қала тұрғынын туыстарына айтпай көме салған

ҚЫЗЫЛОРДА. 28 қаңтар. Қызылорда полициясы қала тұрғынын отбасы мен туған-туыстарына ескертпей, өздері көміп тастаған. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Белгілі журналист Гүлмира Әбіқайдың әлеуметтік желіде жазғанындай, өткен жылдың желтоқсан айының ортасында қызылордалық Берік Сағындықов ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Содан кейін оның егде жастағы ата-анасы Қызылорда полиция департаментіне арыз жазып, балаларына іздеу салады. Қаланың Тасбөгет бөлігінде тұратын анасы іздеудің қалай жүріп жатқанын сұрап келсе, сондағі учаскелік инспектор Қызылордаға жұмсайды. Ал онда барса, қайтадан Тасбөгетке сілтеген. Осылайша әрі-сәрі болып екі ортада жүргенінде тергеушілер үлкен кісіге: «Хабар болса не өліп қалса, біз бірінші естиміз, сонда сіздерге жеткіземіз» дейді.

Сөйтіп жүргенде, Қызылорда полициясы Беріктің өлі денесін тауып, өткен жылдың 18 желтоқсанында-ақ көміп тастаған екен. Оны бұлар қаңтардың 25-інде ғана естірткен.

Ішкі істер қызметкерлері 35 жастағы Беріктің қалтасында құжаттары, мекенжай жазылған қағазы, телефоны бола тұра осылай егесіз, көше кезген кезбелері сынды өз бетерінше көме салған.

Кеше туыстары белгісіз жандай көмілген марқұмның мәйітін қазып алып, қайта жерлеген.

Марқұмның туыстары осы оқиғаға байланысты журналист Гүлмира Әбіқайға хабарласып, болған оқиға туралы жазып жіберген.

Хаттың мәтіні мынадай:

«Саламатсызба Гүлмира Әбіқай! Сізге бір сұмдық оқиғаны айтайын және осы оқиғаның ақ-қарасын анықтауды өзіңізге қалдырамыз.

Сағындықов Берік Бейсенбайұлы, 1987 жылы туған, Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінің тұрғыны, біраз уақыттан бері семьясы, бауырлары іздеп таппай жүрген болатын, сүйтсе ол 18 желтоқсан күні қайтыс болған екен, бірақ ол жөнінде үйіне тек 25 қаңтар күні ғана айтылған, оған дейін ешкім хабар бермеген!

Оған дейін Қызылорда қаласының полиция басқармасы өздері тауып, өздері көміп тастаған, я ол баланың қабірі дұрыс қазылмаған, я жаназасы оқылмаған, баланың қырық күндік асы берілетін уақытта үйіне хабар берген тергеушілер, ең сорақысы осыны жасаған өзіміздің қазақ мұсылмандарымыз.

Неге осыншама уақыт бойы бір ауыз айтылмаған ата анасына, әлде өздері ұрып өлтіріп алып, қылмыстың ізін жасырғысы келді ме екен, деген ой келеді.

Себебі, тергеушілердің қолында баланың барлық данныйы тұр, жеке куәлігі, мекенжайы анық жазылған, іздедім, таппадым деген жәй сылтау сияқты.

Сотқалдай азаматтың өліміне кім жауап береді, кім өлтірді? Полиция жүрегі қысылып өлді дейді, экспертиза қағазын қолымызға берген жоқ. Қызылорда полициясына сенім жоқ, ҚР ІІМ ақиқатты білгіміз келеді!»

Бұл шынында масқара жағдай екен. Енді бұған Қызылорда облыстық полиция департаментінің басшылары жауап беретін шығар деген үміттеміз.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button