Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Тоқаев бұрынғы президент туралы тебірене сөз толғады

АСТАНА. 28 қаңтар. Бүгін елдің байтағында «Нұр Отан» партиясының кезекті съезі болып өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Билік партиясының осы жолғы форумы қалың жұртшылықтың айрықша мән беріп, елеңдей күткен ұлы жиыны болды. Оған партия құрамында бар да, жоқ та, құлақ түріп отырды. Мұнда көпшілікті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың партияның төрағасы болатын-болмайтын, саяси кеңес құрамына кімдердің кіретіні, кімнің партия төрағасының орынбасарлығына сайланатын мәселелері қызықтырды. Жұрт арасында Мемлекет басшысы партияны елді тығырыққа тіреген ұйым ретінде таратып жіберуі немесе партия төрағалығынан бас тартуы керектігі жөнінде де қызу пікірталас жүріп жатты.

Бірақ бәрі бұрынғысындай болып шықты. Президент «Нұр Отан» партиясының төрағасы болып сайланды. Сөйтіп, бұдан тура он күн бұрын, 18 қаңтарда Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан «болжамы» айна-қатесіз орындалды. Таптаурын тоқтамнан табан аударылмады. Кейбір сарапшылардың «Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ешқандай партияға тәуелді болмаса да болар еді» деген тілеуі ескерілген жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев съезде сөз сөйлеп, елдің және партияның алдында тұрған басты міндеттерге тоқталды.

Сонымен, партияның жаңа төрағасы не деді?

Олар мынадай тезистерден құралады:

–Еліміз өз дамуының өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, «Нұр Отан» партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны өзгерту және бүкіл қоғамды топтастыру жұмыстарын бастауға әзірлік талап етті.Бұл ретте мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестіктің кепілі боламын. Менің конституциялық міндетім – биліктің барлық тармақтарының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету.

– Қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет. Осы ретте, азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүктеледі. Әсіресе, саяси партиялар айрықша рөл атқарады.

– Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз. Халқымыз бірлігінің арқасында осы сын-қатерге төтеп берді. Қазір алдымызда барлық саланы қайта жаңғырту міндеті тұр. Бұл – мемлекеттік аппаратты ғана жаңарту деген сөз емес.

– Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз.

– Біз шұғыл шаралар қабылдап, лаңкестерге, қарақшыларға тойтарыс бердік. Заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қалпына келтірдік. Мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалдық.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев съездегі ең тарихи кемел сөзін айтты. «Қазір ел ішінде түрлі жағымсыз әңгімелер тарап жатқанын білемін. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ретінде тағы да қайталап айтамын: Тұңғыш Президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді, – деді Президент. – Тұңғыш Президенттің тарихи еңбек сіңіргенін ұмытпайық. Түптің түбінде әділ және шыншыл болуымыз керек. Өткенін қаралаған халықтың болашағы жоқ. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр. Кемшіліктер Америка президенттері мен Қытай басшыларында да, тіпті қазір барлығы мақтап еске алатын сингапурлық көшбасшы Ли Куан Юда да болған. Өткен заманды жоққа шығаратын, өз басшыларына шабуыл жасайтын халықтың болашағы екіталай әрі бұлыңғыр. Біз бұған дейінгі жетістіктерімізден айырылып қалмауымыз керек. Мемлекетімізді нығайтып, кез-келген сынаққа дайын болуымыз қажет. Табысқа жету үшін, ең алдымен, ауызбіршілік керек екенін есте ұстайық».

Осымен бұған дейінгі қолға алынған өзгерісті әрекеттердің бәрінің жай спектакль сияқты нәрсе екенін, шынтуайттап келгенде, елде принципиалды ештеңенің де өзгермейтінін ишара етіп өтті. Жаңаөзенде бейбіт шерумен басталған халық наразылығының түп тамыры қайда жатқаны ұмытылғандай, өткен отыз жылдың тәжірибесінің енді қолға алынатын бағытқа түк те әсер етпейтіні ескертілгендей болды да шықты. Барынша сыпайылап, жұқартып, сылап-сипап айтқанда – осы.

Съезде «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі құрамы бекітілді. Оның қатарына 92 адам енді. Бұрынғы құрамнан Нұрсұлтан Назарбаев, Дариға Назарбаева, Асқар Мамин, Бауыржан Байбек, Бақытжан Сағынтаев, Болат Өтемұратов, Аида Балаева, Дәурен Абаев, Дархан Қалетаев секілді тұлғалар шығарылды.

Айтуларынша, партияның жоғары өкілді органы 55 пайызға жаңарыпты.

Съезде Тоқаев партияның жұмысын түбегейлі өзгерту қажеттігін алға тарта отырып, төрағаның бірінші орынбасары лауазымының керек емес екенін, оның орнына жауапты хатшының қызметін белгілеудің тиімді болатынын айтты.

 

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button