Жерлерінен айрылған шаруаларды облыс әкімі қабылдамады
ҚЫЗЫЛОРДА. 27 қаңтар. Қызылорда облысында жерлерінен айрылып қалған шаруаларды облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тағы да қабылдамады. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады.
Әкімдік ғимаратына жиналған шаруалардың проблемасы бұл жолы да шешілмеді.
Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты «ІІІ Интернационал» ауылының тұрғындары облыс әкімдігінің алдына жиналды. Егін егіп күнелткен ауыл тұрғындары екі жылдан бері мемлекеттен 49 жылға жалға берілген жерді даулап келеді. Ауылға келіп, халықтың әл-ауқатын көтеремін деген жеке кәсіпкер осынау жер үлесінің 90 пайызын иемденіп, диқандарды дымсыз қалдырған. Осы мәселені айтып ауыл, аудан әкімдеріне хабарласқан егіншілерді тыңдар құлақ табылмаған. Ашынған ауыл тұрғындары ақырында облыс әкіміне келді.
Әкімдік ғимаратының алдына жиналған шаруалар облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың өздерін қабылдауын талап етті. Айтуларынша, екі жылдан бері ауылдан береке қашқан. «Бәріңді байытып жіберемін» деген кәсіпкер әлі күнге дейін егіншілерге бір тиын да дивиденд бермепті. Жыл сайын мыңдаған тонна күріш орылғанымен, жыл соңында шаруа қожалық қарызға батады екен.
«Әлі күнге дейін біз өзіміздің серіктестігімізді, яғни 5 мыңға жуық гектар жері бар шаруашылығымызды өзімізге қайтара алмай отырмыз. Осыған байланысты облыс әкіміне бірнеше рет келдік, халықтың үнін тыңдайтын, халықтың жан-айқайын тыңдайтын билік өкілдері табылып жатқан жоқ», – дейді «III Интернационал» ауылының тұрғыны Мерген Әбенов.
«Әбдіқалықованың алдына өз басым екі рет бардым. Жеке қабылдауында маған «Сіз қоя тұрыңыз, биыл егіп жатыр ғой, жинап болған соң сізге жеріңізді бергіземін» деді. Ол қалды. Екінші жылы тағы да сондай жағдай болды. Ақпан, наурыз келді, одан егін басталып кетті, одан қоя тұрыңыздар дегеннен тағы қойдық. Мінекей, қазан айында күрішті жинап болған соң сіздерге жер бөлдіріп беремін деп еді. Енді ақпан айы келді, ешқандай қимыл жоқ», – дейді Болат Ермаханов есімді тұрғын.
Ал шаруалардың жерін алған жеке кәсіпкер Мұрат Сәрсенбаев өзіне жала жабылып отырғанын айтты. Ол бұл дау-дамайдан шаршағанын, халыққа жерді қайтарып беруге дайын екенін мәлімдеді.
Облыс әкімдігінің алдына жиналған шаруалар алдына аймақ басшысы шыға қоймады. Қара халыққа жер басқармасының басшысы келді. Шенеуніктің айтуынша, жергілікті билік шаруа қожалықтарының жұмысына заң жүзінде қауқарсыз екен.
«Біз барынша заң аясында түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Аудан әкімдігі тарапынан да, облыс әкімдігі тарапынан да. Бұл енді жеке шаруашылықтың ішкі жұмысы», – деді Қызылорда облысы жер қатынастары басқармасының басшысы Медет Усаин.
Ауыл тұрғындары бұл жауапты қанағат тұтпады. Егер облыс әкімі халқымен кездеспесе, аттандап Ақордаға баратындарын білдірді.