«Бұлттан шыққан күндей боп Назарбаев атып шықты» – блогер
АСТАНА.18 қаңтар. Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін жасаған видеоүндеуін қоғам алуан түрлі көзқараспен қабылдап жатыр. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Өткен жылдың соңынан бері қайда жүргені белгісіз болып келген Нұрсұлтан Назарбаев аяқ астынан «пайда бола» қалып, Қазақстан халқына видеожазба арқылы үндеу арнады. Оны желіге өзінің мызғымас баспасөз хатшысы Айдос Үкібай жариялады. Ол үндеуді You Tube-ге орналастырды.
Бұрынғы президент өзінің арнауында қаңтар оқиғаларына тоқталып, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтыпты. Бұдан арғы әңгімесінде осы кезге дейін сан мәрте қозғаған жаттанды монологтарына кезек беріпті. Бірақ қаңтар оқиғасының басталуына өз әулетінің газдың бағасын бірден көтеріп жібергені себеп болғаны, халықтың өзінен неге әбден зәрезепке ұшырағаны, қоғамның өзіне артып отырған ауыр айыптары туралы, өзі мен әулетінің Қазақстанның бар байлығын қалай бөлісіп алғандары жайлы бір ауыз сөз жоқ.
Шыны керек, әлеуметтік желідегі жұртшылықтың 99 пайызы экс-президенттің бұл үндеуін шанышқымен қарсы алды. Көпшілік арасында оны қолдап жатқан адамдар өте-мөте сирек.
Мұны желіде өріліп жатқан пікірлер мен ойлар анық аңғартады. «Бұлтан шыққан күндей болып, Нұрсұлтан Назарбаев та атып шықты» деген банннер іліпті блогер Оңғар Қабден. Ал Дина Елгезек «Тағы келді ме? Не бұл? Таусылмайтын не ойын? Пенсиядамын, депті», – деп жазыпты. Алайда, оның қай уақыттан бері зейнет демалысында жүргенін өзінен басқа ешкім білмейді. Кем дегенде, желтоқсанның 28-іне дейін қызметтің жалынан ұстап отырғанын Алла да біледі. Ал оның Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы деген лауазымын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тек 5 қаңтар күні ғана өзінің қолына алды (одан ешқандай рұқсат сұрамай-ақ).
Жазылып жатқан постыларға үн қатқан коменттердің арасында да Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау көрсетіп жатқандарды аса көп байқай қоймадық.
Оның орнына халық бұрынғы президенттің әулетінен шыққан әрбір лауазымды тұлғаның қызметтен алынғандарын үлкен қуанышпен қабылдап жатыр. Мұны олар елдегі өзгерістің басы ретінде қабылдауда.
Financial Times газетінің жазуынша, Қазақстан жері байлығының 55 пайызын 162 адам егеленіп отыр. Бұлардың да басым бөлігін Нұрсұлтан Назарбаевтың әулеті мен күйеу балалары, құда-жекжаттары мен рулас туыстары құрайды.
Қаңтарда болған оқиғалардың оябында бұрынғы президент туыстарының көпшілігі елден кетіп қалды. Соның ішінде Нұрсұлтан Назарбаевтың – 3 қаңтарда, ал інісі Болаттың 6 қаңтарда Бішкек аэропортынан Біріккен Араб Әмірлігіне ұшып кеткені қырғыз басылымдарында жазылды. Ал Британияның The Guardian газеті Назарбаевтың әлі ел ішінде жүргенін баяндайды. Экс-президенттің өзі де үндеуінде осылай депті. Бірақ халықтың басым бөлігі бұл екеуіне де онша сеніп отырған жоқ.