Дариға Назарбаеваның құда баласы да қызметінен кетірілді
АСТАНА. 18 қаңтар. Дариға Назарбаеваның құда баласы Әлжан Имашев «Қазақстан темір жолы – жүк тасымалдау» ЖШС-ның экономика және қаржы жөніндегі бас директоры қызметінен алынды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Әлжан Имашев – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтің ұлы, Дариғаның келіні – үлкен ұлы Нұрәлидің әйелі Аида Имашеваның інісі. Бұл қызметті 2020 жылдан бері атқарған.
Ал Әлжанның әкесі – Берік Мәжитұлы Имашев 2016 жылғы 13 қыркүйектен бері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарады. Жасыратыны жоқ, Қазақстан жұртшылығы оны республикада «өтірік» сайлаулардың өтуіне бірден-бір ұйытқы, ұйымдастырушы ретінде біраздан бері бұл қызметтен алып тастауды талап етіп жүр.
Еске сала кетейік, 15 қаңтар күні Назарбаевтың бұдан басқа екі күйеу баласы өте «майлы» қызметтерін тоқтатуға мәжбүр болған еді. Атап айтқанда, Қайрат Шәріпбаев «ҚазТрансГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағалығынан, Димаш Досанов «ҚазТрансОйл» АҚ басқарма төрағалығынан кетті. Ал 17 қаңтарда Тимур Құлыбаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастығы қызметінен, Назарбаевтың туған інісі Сатыбалдының баласы Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасарлығынан босап қалды.