Елімізде 600-ден аса теміржол мемлекет меншігіне қайтарып алынды
АСТАНА. 24 шілде. Қазақстанда 600-ден астам теміржол бөліктері қайтадан мемлекеттің меншігіне өткізілді. Бұл туралы Ulysmedia.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Көлік министрлігі кірме жолдарды мемлекетк меншігіне беру рәсімінің аяқталғанын мәлімдеді», – делінген хабарламада.
Нақтылай айтқанда, 600-ден астам кірме теміржолы «Көліктік сервис орталығы» акционерлік қоғамының сенімді басқаруына берілген. Сонымен қатар кірме жолдарды техникалық пайдалану қағидаларының талаптарына сәйкес оларды жөндеп, қалыпқа келтіру жоспары бекітілген.
«Қалыпқа келтіру жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Мәселен, шамамен 22 мың шпал, 42 мыңнан астам теміржол төсемі мен 3 мыңға жуық брус және басқа материалдар ауыстырылды. Бұдан басқа, «TUVRheinland» халықаралық компаниясымен жасалған шартқа сәйкес «КСО» АҚ сапа менеджменті, денсаулық сақтау және еңбек қауіпсіздігі жүйелері бойынша алғаш рет сертификатталды», – делінген министрлік хабарламасында.
Еске сала кетейік, «КСО» АҚ акцияларының 100 пайыздық пакеті республикалық мемлекеттік меншікке қарайды. Компания жылжымалы құрамның өтуі, маневрлік жұмыстар, тиеу-түсіру, сондай-ақ жылжымалы құрамның тұрағы үшін кірме жолдарды ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді.