Назарбаевтың екі күйеу баласы лауазымды қызметтен кетті
АСТАНА. 15 қаңтар. Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың екі қызының жоғары лауазымды қызметтерде отырған күйеулері жылы орындарын босатқандары белгілі болды. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
«Самұрық-Қазына» қоры өзіне қарасты құрылымдар – «ҚазТрансОйл» АҚ басқарма бастығы Димаш Досанов пен «ҚазТрансГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаевтың қызметтерінен алынғандарын ресми түрде растады.
«ҚазТрансОйл» АҚ директорлар кеңесінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы шешімімен Д.Г. Досановтың өзі берген өтінішіне сәйкес, оның «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (басқарма басшысы) ретіндегі өкілдігі мерзімінен бұрын тоқтатылды», – делінген қордың сенбі күнгі хабарламасында.
Қордың ақпары бойынша, сондай-ақ Қайрат Шәріпбаев «ҚазақГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы ретіндегі өкілдігін мерзімінен бұрын тоқтатқан.
Еске кала кетейік, Досанов Назарбаевтың кіші қызы Әлияға үйленген болса, Шәріпбаев үлкен қызы Дариғаны алған еді. Екеуі де күйеу бала атанғандарынан кейін жоғарыдағы лауазымды қызметтерге тағайындалған болатын.