Байден Путинге Украинаға соқтықпау керектігін ескертті
ВАШИНГТОН. 31 желтоқсан. АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинге Украинаға қарсы агрессия жасайтын болса, өзінің шешуші қадамға баратынын айтты. Бұл туралы Ақ үй сайты хабарлады.
«АҚШ президенті Джо Байден Ресей президенті Владимир Путинмен Украинаға әскери қысым көрсетуді доғару керектігі және ахуал қиындаған жағдайда Штаттардың оған қарсы жасайтын әрекеттері жайында сөйлесті», – делінген хабарламада.
Байден өзінің сөзінде Ресей Украинаға «басып кірген» жағдайда АҚШ-тың өз одақтастарымен және әріптестерімен бірге оған «шешуші соққы» беретінін айтып, сес көрсетті. Ақ үй өкілінің сөзіне қарағанда, мұндай жағдайда Вашингтон НАТО-ның күшейе түсуіне күш салып, Киевке қосымша әскер беретін болады.
Хабарламада сондай-ақ АҚШ пен Ресей президенттері әңгімелерінің мазмұнды да салмақты сипатта өткені баяндалған, екі ел лидерінің келіссөздері енді әлемдегі ширыққан ахуалды төмендетуге тиіс.
Байден Путинге өздерінің қарым-қатынасында енді екі жол ғана қалғанын айтып, соның бірін таңдауды ұсынған. Біріншісі – дипломатиялық жол арқылы бейбіт бітімге келу, әлемді ширықтыруды тоқтату, екіншісі – Ресей Украинаға шабуыл жасаған жағдайда әлемдегі басқа күштердің оған «қарсы шешуші соққы» берулері, яғни соғысқа кірісу. Ақ үйдің егесі Кремльдің қожайынына осы екі жолдың бірін таңдау құқығын берді. Осы арқылы өздерінің бұл екі жолдың екеуіне де дайын екенін білдірді.
Тараптар сондай-ақ НАТО-ның шығысқа қарай жылжуының енді қаншаға созылатыны жайлы пікір алмасты.
Әңгіме телефон арқылы жүргізілді.