17 жасар шахматшы Бибісара Асаубаева әлем чемпионы атанды
ВАРШАВА. 31 желтоқсан. Қазақстандық 17 жасар шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен ересек әйелдер арасында әлем чемпионы атанды. Бұл туралы Vesti.kz хабарлады.
Бұл – Қазақстан шахматы тарихындағы ересектер арасындағы бірінші алтын медаль. Бұған қоса, Бибісара Асаубаева әлемнің ересектер арасындағы шахматы тарихындағы ең жас чемпион да болып отыр.
Польшаның байтағы – Варшава қаласында өткен чемпионаттың басынан көш бастаған Бибісара соңғы турдың алдында қарсыластарын жеткізбейтін дәрежеге жетіп, мерзімінен бұрын чемпиондыққа қол созды. Сол сияқты қазақстандық қыз 28 желтоқсан күні тез ойналатын (рапид) жарысында екінші орын алды. Бибісара шешуші партияларда грузиннің тәжірибелі шахматшысы Нана Дзаганидзені, өзінің отандасы Әсел Серікбайды ұтып, ресейлік Александра Костенюкпен тең ойнады.
Блицтен екінші орында Александра Костенюк, үшінші орынды тағы бір ресейлік Валентина Гунина жеңіп алды.
Чемпионатқа әлемнің 50 елінен 200-ге жуық спортшы қатысты. Рапид пен блицтің жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларына тең болды.