Жазушы Бейсенбай Сүлейменов оқырмандарымен кездесті
АЛМАТЫ. 16 қараша. Бүгін Ұлттық кітапханада белгілі балалар жазушысы, Президент сыйлығының лауреаты Бейсенбай Сүлейменов өзінің оқырмандарымен кездесті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Кездесу «Қазақстандағы балалар әдебиетінің жылы» аясында өтті. Оған бір топ жазушылар, журналистер және Алматы қаласындағы мектептердің оқушылары өкілдері қатысты.
Кездесуді белгілі сатирик жазушы Көпен Әмірбек жүргізді. Ол өзімен ҚазМУ-дың журналистика факультетінде бірге оқыған курстас досының шығармашылығына біршама шолу жасап өтті. Бұдан кейін жазушы Бейсенбай Сүлейменов өзінің әдебиетке, соның ішінде балалар әдебиетіне қалай келгені жайында айта келіп, алда тұрған негізгі жоспарларына тоқталды.
Жазушымен басқосуда оны бір топ әріптестері сөз алып, оның шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.
Жақында жазушы Бейсенбай Жолдасбекұлы Сүлейменовтің жасы 70-ке толды. Ол осы мерейлі мезетке өзіндік дайындықпен келіпті. Қаламгер соның қарсаңында «Сырлы әлем» атты таңдамалы бір томдығын, «Ханшатырдан – Күншатырға саяхат!» атаулы ертегі-романын, «Горилла-адам» деген хикаяты мен «Туған күніңмен, Айтұмсық!» дейтін әңгімелер жинағын баспа жүзінен жарыққа шығарды. Кездесуде осы кітаптардың тұсаукесер рәсімі де болып өтті.
Жазушы соңында өзінің бала-оқырмандарына өз қолтаңбасын қалдырған кітаптарын сыйға тартты.