Белград: Бестен үшеу жартылай финалға шықты
БЕЛГРАД. 2 қараша. Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін ширек финалда шайқасқан бес боксшымыздың үшеуі жартылай финалға шықты. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Күндізгі сессияда бірінші болып рингке көтерілген 48 килоға дейінгі салмақтағы Теміртас Жүсіпов өзбек Нодиржон Мирзаахмедовпен ұшырасып, 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті. Оның қарсыласы Азияның екі дүркін чемпионы (2019, 2021) болатын. Ал Теміртас бұл атаққа бір рет, 2013 жылы қол жеткізген. Сөйтіп, ол медальдар ауылына өтті.
54 кг салмақтағы 20 жастағы қайсар ұлан Махмуд Сабырхан бразилиялық Мишель Тринидадпен жұдырықтасты. Төрешілер жеңісті біздің оғланға талассыз берді – 5:0! Осылайша ол да кемінде қола медаль алатын болды.
Бұдан кейін 60 кг салмақтағы Саматәлі франциялық Софьян Умиамен шайқасты. Франциялық алжир жігіті тәжірибелі. Оның үстіне, өте айлакер, ашық шайқасқа еш уақытта бармайды. Бізге оның мәнері бұрыннан таныс. Ол бұл жолы да соны жасады. Саматәлі барын салды. Үнемі шабуыл үстінде болды. Соққыны да аз жасамады. Бірақ төрешілер басқашалау бағалыпты. Өз басымыз Саматәліге разымыз.
67 кг салмақтағы Абылайхан Жүсіпов рингке шыққанда, бізге осы өкініштің орнын толтырып беретініне сенгендей кейіпте болдық. Өзі солай болып шықты да. Команда капитаны моңғол боксшысы Чинзориг Баатарсухпен жекпе-жегін өте жинақы өткізіп, 5:0 есебімен ұттты.
Ал 75 кг салмақтағы Нұрқанат Райысты да итальян Сальваторре Каваларомен ұрыста жеңіле қойды деп ойламаймыз. Рас, қарсыласы өте тәжірибелі боксшы болатын. Ол да алаңсыз қашып жүрумен болды. Бірақ төрешілер жеңісті 3:2 есебімен соған беріп жіберді.
Біз жоғарыдағы үш жігіт те жартылай финалдан асып, финалға барады деп отырмыз. Алтын медаль алатындай мүмкіндіктері бар.
Енді кешкі сессияда Сәкен Бибосынов (51 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг), Асланбек Шымбергенов (71 кг), Нұрбек Оралбай (80 кг) сынды жігіттеріміз жартылай финалға шығу үшін шайқасады.