«Саналы ұрпақ» жобасы прогрессивті жастардың басын қосты
НҰР-СҰЛТАН. 18 қазан. Елордада қолға алынған «Саналы ұрпақ» жобасы прогрессивті жастарды жинады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қалалық департаиентінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Жастардың бойында сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің олардың әрқайсысының және жалпы қоғамның өміріне теріс әсерін түсінуін, сыбайлас жемқорлық көріністеріне теріс қатынасты және сыбайлас жемқорлықты жеңудегі жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру және адалдық, әділдік, парасаттылық және сенім сияқты маңызды адамгершілік құндылықтарды дарыту мақсатында 2018 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасы бойынша «Саналы ұрпақ» іске асырылуда.
Елордада онлайн форматта 32 колледждің 2000-нан астам студентінің қатысуымен жыл сайынғы «Саналы ұрпақ» клубтарының қалалық слеті өтті.
Слет қатысушыларына қалалық мәслихат депутаты, Нұр-Сұлтан қаласының жастарды қолдау қоғамдық кеңесінің төрағасы, «Астана – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Бақдәулет Жанділдаев, ақпараттық-ағартушылық штаб төрағасы, «Нұр Отан» партиясы «Бірлік» филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шыңғысхан Қожахметов құттықтау сөз сөйледі.
Слет барысында жаттықтырушы Ақерке Берлібай заманауи әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге бағытталған «жеке брендті дамыту арқылы көшбасшылық» тақырыбында коуч-медиа тренинг өткізді.
Слет жұмысына «Astana polytechnic» жоғары колледжі», «Даналық» жоғары медициналық колледжі», «Астана» халықаралық университетінің педагогикалық колледжі», «Менеджмент, бизнес және білім колледжі», техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері белсене қатысты.
Слет «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жұмысын қорытындылады, жобаның негізгі бағыттары мен мақсаттарын ілгерілету мәселелері талқыланды.
Слетке қатысушылар жобалық кеңсенің перспективті іс-шараларымен танысты.