Алдағы аптада бокстан 21-ші әлем чемпионаты басталады
БЕЛГРАД. 17 қазан. Бокстан 21-ші әлем чемпионаты жақында Сербияның астанасы – Белград қаласында басталады. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Турнир 24 қазан күні сөреден шығып, 6 қарашада мәреге жетеді. Онда планетадағы бес континенттің спортшылары тарихта бірінші рет 13 салмақ дәрежесі бойынша медальдарды сарапқа салады. Осы регламентті 2021 жылғы шілдеде АИБА-ның директорлар кеңесі бекітті.
Сайыстар Белградтың «Штарк Арена» атты спорт кесенесінде өтеді.
Биылғы чемпионатта сондай-ақ тарихта бірінші рет жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етіледі. Атап айтқанда, чемпион атанғандар – 100 мың АҚШ доллары, күміс жүлдегерлер – 50 мың АҚШ доллары, қола жүлдегерлер 25 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сый алады. Жүлде қоры 2,6 млн долларды құрайды.
Белград бұған дейін бір рет әлем чемпионатын қабылдаған еді. Ол 1978 жылы 6-20 мамыр аралығында өткен. Сандық реті бойынша екінші болған сол турнирде алматылық Валерий Рачков 67 кг салмақта чемпион атанып, қазақстандықтар арасынан бұл атаққа бірінші болып қол жеткізген-ді. Ал бірінші чемпионат 1974 жылы Кубаның астанасы – Гавана қаласында жалау көтерген болатын.
Біз бүгін бокстан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстаның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Мырзағали Айтжановпен телефон арқылы осы тақырыпта әңгімелескен едік.
«Бұл чемпионаттан да біздің күтеріміз көп, – деді Мырзағали Құланұлы. – Мен оған бұрынғыдай құрама жаттықтырушылары сапында емес, жеке бапкер ретінде бара жатырмын. Өз шәкірттерімнің жанында боламын. Біз қолдан келгенінше жоғары атақтар үшін күресеміз. Белград – белгілі халықаралық турнирлердің қаласы. Мұнда көп жылдардан бері «Жеңімпаз» және «Алтын қолғап» деген екі ірі турнир өтіп келеді. Әрқайсысының жарты ғасырлық тарихы бар. Жергілікті халық боксты сүйеді. Ол ортадан да талай тарлан боксшылар шыққан. Сондықтан осы биік мәртебелі сайыста намысты қолдан бермеуге күш саламыз. Қалғанын, Алла жазса, жарыстың барысы көрсетеді. Енді үш күннен кейін, қазанның 21-інде Балқан жеріне қарай ұшып шығамыз».
Біз Қазақстан құрамасының боксшыларына сәттіліктер тілейміз. Солайша олар биік тұғырдан табылып, жоғарыда атап көрсетілген мол сыйақы қаржыларын алып қайтатын болсын. Әмин!
Тағы бір айта кететін жайт, бүгін Мырзағали Айтжанов Шымкент шаһарында ағайын-туыстарымен бірге былтыр қайтыс болған анасы – Айтжан келіні Тынжыр Мұсырманқызының жылдық асын берді.
Біз өз кезегінде оған ниеттің қабыл болуын тілеген тілек айтамыз. Марқұмның жатқан жері жайлы болсын.