Депутаттар Мирзиеёвке «ұлт көсемі» атағын беруді ұсынды
ТАШКЕНТ. 8 қыркүйек. Өзбектің жоғары лауазымды екі депутаты президент Шавкат Мирзиеёвке «ұлт көсемі» деген атақ беру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл туралы CentralAsia.uz хабарлады.
Әуелі бастама Өзбекстан сенатының мүшесі Қудретилла Рафиковтен шықты. Ол 19 тамыз күні Мирзиеёвтің ұлт алдында сіңірген ересен еңбегін мадақтап көрсететін мақала жариялады. Сенатор өзінің «Шавкат Мирзиеёв құбылысы» деген бұл мақаласында өзбектердің, әсіресе, жас ұрпақтың президентке қатты сенетінін, ал балалар арасында жаппай айрықша мақтаныш шақыратынын айтады.
«Мирзиеёвтің табиғаты мен мінез-құлқында өзгеше бір әлдене бар» деп алған сенат мүшесі бұдан әрі жұрттың «президент өзі ұйықтап, демала ма екен» деген мазмұнда сұрақ қойып жататынын атап өтеді. Ол президенттің өз отанында осындай орасан зор танымалдылығы оның аймақтық көшбасылар арасында үлкен құрметке ие болуына ықпал етеді, деп тұжырымдайды.
«Мирзиеёвті тірлігіне сай «миллат сардори», яғни «ұлт көсемі» деп атаған ләзім», – деген қорытынды жасайды соңында Рафиков.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін парламенттің келесі палатасының депутаты Акмаль Саидов президентке қатысты «ұлт басшысы» деген атақ қолданылған тағы бір мақала жариялады. Мұнда да Мирзиеёвтің Өзбекстанды өркендету жолындағы өлшеусіз еңбегі мадақ жырына арқау болады. Осы ретте Саидов президентті «юртбоши», яғни «жұртбасы» деп атауға тәкпір етеді.
Шыны керек, өзбектің бірқатар ақпарат құралдары мен қауымдастық Мирзиеёвке құрмет көрсету ретінде және жарамсақтық жағдайында бірнеше ресми титулды пайдаланып келеді. 2016 жылы Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов аяқ астынан қайтыс болып кеткеннен кейін Конституциялық заң тұрғысында күмәнді сипатта билік басына келген екінші президент әзірге бұған ешқандай жауап қайтарған жоқ. Бірақ оның бұдан алдын өзіне жағымпаздық көрсетушіліктің ұнамайтынын ашық айтқаны мәлім.