Тәліптер өз уәделерін бұза бастады – АҚШ сарапшылары
КАБУЛ. 8 қыркүйек. Әлем қауымдастығы Ауғанстанның жаңа уақытша үкіметі құрамына жаппай кісі өлтіруге қатысқан адамдардың кіріп жатқанына алаңдап отыр. Бұл туралы BBC хабарлады.
Кабинеттің жаңа басшысы Мулла Мохаммад Хассан Ахунд, мысалы, БҰҰ-ның санкциясы тізіміне енгендер қатарында жүр. Уақытша ішкі істер министрі Сиражуддин Хаккани АҚШ территориясында шабуыл ұйымдастырғаны үшін ФБР-дің іздеуінде тұр.
Ауғанстан ұлттық қарсылық майданы әлем қауымдастығын жаңа министрлер кабинетін мойындамауға шақырды. Қарсылық қозғалысы өкілінің айтуынша, «Талибан» қозғалысы басшыларының бәрі қылмыстан тысқары емес.
Тәліптер Ауғанстан билігін бұл жерден халықаралық коалиция күштері кеткеннен кейін басып алды. Олар жаңа биліктің 1996-2001 жылдардағы өкімет мүшелерінен елеулі айырмашылығы болатынын айтып сендірді. Соның сыңайында әйелдердің билік органдарында қызмет етулеріне, олардың білім алуларына ешқандай кедергі болмайтынына уәде беріп еді. Алайда, шын мәнінде олай болып жатқан жоқ. Жаңа үкімет құрамынан бір әйелге де орын табылмауы осыны көрсетеді.
АҚШ пен Еуроодақ сарапшылары қазір тәліптердің билік басына келген кезде берген уәделерінің бірде-бірін орындап жатпағанын айтып, дабыл қағып жатыр.
Өткен сейсенбі күні бір топ әйел Үкіметтің жаңа құрамына наразылық білдіріп, Кабул көшелеріне шықты. Бұл қазіргі жағдайда өте батылдық болып табылады.