Ғалымдар Хазар қағанатының ықтимал астанасын тапты
АСТРАХАНЬ. 5 қыркүйек. Ғалымдар Астрахань облысы аумағынан Хазар қағанатының астанасы болуы мүмкін қаланың орнын тапты. Бұл туралы «Российская газета» хабарлады.
Археологтар ортағасырлық аса қуатты мемлекеттің көптеген артефактілеріне облыстың Бараний Бугор селосы маңында кезікті.
Хазар қағанаты VIII ғасырда Каспийден Қара теңізге дейінгі аумақты алып жатқан. Ғалымдардың Астрахань облысынан оның іздерін іздегеніне жүз жылға жуықтады. Зерттеушілер, соның ішінде жазушы және ғалым Лев Гумилёв кезінде патшалықтың орнын биік жоталардан іздеу керек екенін айтқан. Ол 1959 жылы Эрмитаж басшылығын Еділ бойына экспедиция жасауға көндірген. Бірақ археологтар сол жолы Ахтубадан жалғыз дерек – хазар азаматының бас сүйегін ғана тапқан екен. Гумилёв Каспийдің суы көтеріліп кетуі салдарынан ортағасырлық астананы топан басып қалған деген теорияны алға тартты. Сондықтын патшалықтың орнын жазықтан емес, жоталы жерлерден іздеу керек деген тұжырым жасады.
«Гумилёв бізге өзіндік бағыт беріп кетті. Ол өзінің «Хазарияны ашу» деген кітабында Еділ дельтасының Семибугра және Бараний Бугор селолары ауданынан хазар кезеңіне тән керамика табылғанын жазған. Біз бұл жерлерді ландшафтты археология тәсілімен зерттеп, бір кездергі шекарасынан сирек кездесетін артефактілер шыққан «хазар дәлізі» деп аталатын аумақты таптық», – дейді осы орайда Астрахань музей-қорығының аға ғылыми қызметкері, экспедиция жетекшісі Дамир Соловьев.
Экспедиция биылғы шілде айында іске кірісті. Қазба жұмыстарына соңынан Ломоносов атындағы МГУ ғалымдары мен Донецк археологиялық музейінің қызметкерлері қосылды. Оқымыстылар айтылған жерден көне астананың теңгелерін, жүзіктер, хазар дәуіріне тән керамиканың сынықтарын алды. Сондай-ақ сол уақыттың қолтаңбасы бар қыш шатырлар мен византиялық кірпіштер табылды. Мұндай бұйымдар Еділдің тармағы – Болды өзенінің екі жағалауынан да кездесіп жатыр.
Дәл мұндай артефактілер бұрын-соңды Астрахань түбінен табылған емес.
Жер асты патшалығының шекарасы селоның сыртында кемінде бір жарым шақырымға дейін созылады.
Алайда, ғалымдар бұл қаланың байырғы Итиль екенін дәл қазір тап басып айту қиын екенін мәлімдейді. Бұл үшін табылған артефактілерді әлі де мұқият тексеру керек.