Лукашенко Беларусь президенттігінен жақында кететінін мәлімдеді
МИНСК. 9 тамыз. Беларусь президенті Александр Лукашенко өзінің жақын арада мемлекет басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы БЕЛТА хабарлады.
Белорус мемлекетінің басшысы 9 тамыз, дүйсенбі күні журналистермен, қоғам, сарапшылар және медиа қауымдастықтары өкілдерімен кездесуі барысында осындай ой қозғады.
Сонымен бірге Лукашенко өзінің тап қандай орынтақтан кеткелі тұрғанын әзір ашып айтпайтынын, сондықтан жиналғандарды ол жайында болжам жасап әуре болмауға шақырды. «Өте жақында», – деп сендірді бар болғаны ол.
Бұған қоса, белорус лидері өзінің орнын басатын ықтимал мұрагердің есімін атаудан да бас тартты.
Бұдан бұрын Лукашенко, өзінің пікірінше, 2020 жылғы президент сайлауының «жаппай жариялылық» пен демократияландыру жағдайында өткенін айтқан болатын. Ол кейбір үміткерлердің «әділ де таза» сайлауға қатысуға дайындалу орнына, басынан іс басындағы президентті тақтан тайдыруға әрекет еткенін атап өтті.
Беларусьте былтырғы жылғы 9 тамыз күні президент сайлауы болып өткен еді. Ол аяқталған бойда елде жаппай қарсылық, наразылық қозғалысы басталып кетті. Қозғалыс ұзақ айларға созылды. Акцияны күштік құрылымдар ылғи күштеп басумен болды. Соның нәтижесінде ондаған мың адам қамауға алынды. Қазір қамаудағыларды азаптау мен ұрып-соғу шаралары жүріп жатқаны жайлы елде жиі әңгіме көтеріледі. Көптеген оппозиция адамдары шет елдерге кетуге мәжбүр болды.
Бүгін Варшавада осында тұрып жатқан белорустар шеруге шығып, Лукашенконың заңды президент екендігімен келіспейтіндерін білдірді.